Энергияны қажетті арнаға бағыттау

050520212

Экологиялық кодекстің жаңа редакциясында ең озық қолжетімді техникаларды енгізу көзделген. Қазіргі уақытта Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы (ХЖТИЖО) ЕҚТ бойынша анықтамалықтар әзірлеп жатыр, онда қоршаған ортаға шығарындыларды реттеудің технологиялық және басқарушылық тәсілдері егжей-тегжейлі көрсетіледі. Анықтамалықтың әртүрлі отын жағатын ірі қондырғыларды қамтитын бөлімдерін әзірлеуге тартылған сарапшылардың бірі - экологиялық сарапшы Любовь Молчанова. Сұхбат барысында ол ЕҚТ бойынша анықтамалықтардың Қазақстандағы экологиялық реттеу жүйесіндегі маңыздылығы неде екенін айтып өтті.

Любовь Михайловна, сұхбатқа келіскеніңіз үшін рахмет. Сіз мол жұмыс тәжірибесі бар өте беделді экологсыз. Сіз сондай-ақ жаңа Экологиялық кодекстегі нормаларды әзірлеуге қатыстыңыз және ең озық қолжетімді техникалар туралы біліміңіз жан-жақты.

Қазақстан өнеркәсіптері үшін ЕҚТ енгізу өзекті мәселе ме? Неге дәл қазір қолға алынып жатыр?

ЕҚТ енгізу туралы шешім кеш қабылданды деп ойлаймын, өйткені Қазақстандағы технологиялар артта қалып қалған. Өнеркәсіптің барлық салаларында жаңа технологиялар болғаны дұрыс. Бізде тазартудың тиімді әдістері жоқ, қондырғылардың, газ тазарту қондырғыларының заманауи әдістері жоқ және оларды жүзеге асыратын ешқандай құралдар жоқ.

ЕҚТ қағидаттарына көшу үшін ЕҚТ бойынша анықтамалықтарды әзірлеу қажет. Осы анықтамалықтардың мақсаты мен міндеті қандай,  оларды енгізу тетіктері бар ма, күтілетін нәтижесі қандай, қысқаша тоқталып өтесіз бе? 

Анықтамалықтардың негізгі мақсаты - қоршаған ортаға теріс әсерді азайту, шығарындыларды технологиялық деңгейде нормалауға көшу. Егер бұрын нормалау негізінен қоршаған орта сапасының басымдығына сүйене отырып жүзеге асырылса, қазір технологиялық шығарындыларды нормалауға алдыңғы орынға шығады. Эмиссия деңгейі қандай болуы қажет, оның барлығы әрбір технологиялық процесс үшін анықтамалықта айқындалады. Ол технологиялардың қолжетімділігіне, қоршаған ортаға барынша аз әсер етуіне және де экономикалық факторға бағдарланатын болады. Осы басты-басты  үш мәселе ескерілуі тиіс. Міне, ең озық қолжетімді технология дегеніміз осы.

Сіз отынды жағу жөніндегі анықтамалықты әзірлеуге тартылған сарапшылардың бірісіз. Осы бағыттың маңыздылығы туралы айтып беріңізші.

2007 жылы эмиссиялар бойынша талаптарды айқындайтын техникалық регламент (бірінші құжат) қабылданды.  Ол технологиялық нормалаудың бірінші кезеңін белгіледі, онда күкірт пен шаң шығарындыларының қандай қуаты болуы мүмкін екендігі анықталды. Мұның бәрі жұмыс істеп тұрған қазандықтар үшін де, қайта қалпына келтірілгендер үшін де реттелді. Бірақ қазір - 2021 жыл, одан бері көп уақыт өтті, жаңа тәсілдер қажет, жаңа технологиялар құрылды, оларға заманауи шешімдер мен тәсілдерді бейімдеу қажет. Энергетика – көп мәселелі сала. Энергетикалық отын мен жағу қондырғылары зиянды заттар шығарындыларының 40%-ын шығарады.

Біздің негізгі ресурсымыз – Екібастұз көмірі, ол еліміздегі энергияның 70%-ын өндіреді, оның ерекшеліктерін ескерсек, басқа тәсілдерді қолдануымыз қажет. Электр станцияларының жабдықтары өте ескі, ол 40-60 жыл бұрын пайдалануға берілген, сондықтан осы жабдықтың қызмет ету мерзімін және оны заманауи газ тазарту қондырғыларымен жабдықтаудың қаншалықты тиімді екенін ескере отырып ымыралы шешім қабылдау  керек. Бұл – аса күрделі мәселе. Менің көзқарасым бойынша, біртіндеп көшу қажет, мұндай мәселені бір уақытта шешу мүмкін емес. Еуропа дамыған экономикасымен оған 20 жылдан астам уақыт жұмсады. Сондықтан, менің ойымша, бұл процеске асықпай, алды-артын ойластыра отырып кірісу қажет.

Әзірленген анықтамалықтан қандай нәтиже күтеміз?

Біріншіден, технологиялық нормативтер негізінде шығарындылардың жаңа тәсілі мен нормалануы енгізіледі. Ең басты міндет – қоршаған ортаға әсерді азайту және оны азайтып қана қоймай, сонымен бірге тұрақты бақылау жасау қажет.  Анықтамалықтар технологияларға қоса  мониторинг мәселелерін реттейтін болады, қандай қондырғылар қамтылғанын, қай қондырғыға үздіксіз мониторинг жасау қажеттігін, қай қондырғыға кезеңдік аспапты мониторинг жасау жеткілікті болатынын айқындайды, өйткені мониторингтің қазіргі деңгейі өте төмен. Менің ойымша, автоматтандырылған жүйелерді енгізу бізге бірінші кезеңде қазіргі уақытта қолымызда не бар екенін анықтауға, содан кейін дұрыс бағытта қозғалуға мүмкіндік береді.

Әзірлеу процесіне қандай мамандар қатысады?

Осы анықтамалықты әзірлеуге Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы (ХЖТИЖО) аса білікті  сарапшылар тобын тартты. Осындай командамен жұмыс істеу  - мен үшін үлкен құрмет. Сарапшылар құрамында Екібастұздың айналымдағы қайнаған қабатында көмір жағудың жаңа технологияларын әзірлеумен айналысатын ғылым докторы Қалқаман Сүлейменов бар. Ол осы тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. Алматы энергетикалық институтының оқытушысы Валерий Дмитриевич Огай – бәріміз оның шәкірттеріміз. Біздің командамыздың құрамына Алматы энергетика институтының жылу энергетикалық қондырғылар кафедрасының меңгерушісі Андрей Кибариннің кіргізілгеніне қуаныштымын.

Сарапшылардың осы мәселеде тәжірибесі мен білімі мол.

Сіздің әдіснамаңыз қандай?

Бұл саланың өте ауқымды екенін түсініп отырсыз. Жұмыстың барысын жобалау үшін қазір қай деңгейде екенімізді анықтап алуымыз керек, қазандықтарда, станцияларда шығарындылардың нақты мөлшері туралы бастапқы деректерді көптеп жинау керек. Бұл ретте, қазақстандық анықтамалықтарды шығару үшін кәсіпорындардың кешенді технологиялық аудиті, бастапқы деректерді жинау, жиналған ақпаратты өңдеу сияқты ХЖТИЖО жүргізген жұмыстың маңызы зор. Ең алдымен, станцияларда, әртүрлі қазандықтарда шығарындылардың қандай нақты көрсеткіштері бар екендігі туралы көптеген ақпарат жинау керек. Бізде 400-ге жуық қондырғы бар, біз 50 мегаватт және одан жоғары қондырғыларды санадық. Бұл - Анықтамалықтарда қамтылатын қондырғылар. Бірінші міндет - эмиссиялардың ағымдағы деңгейін дұрыс анықтау, мониторинг жүргізу, өйткені бұл қымбат жабдық және оны қажет ететін қондырғылар үшін ұтымды пайдалану қажет.  Әрине, басым міндеттердің бірі - қолайлы технологияны таңдау. Қазіргі уақытта біз станцияларда пайдаланылатын технологиялар туралы мәліметтерді жинадық. Халықаралық тізбе бар, бірақ онда көрсетілген технологияларды Қазақстанда енгізуге бола ма, жоқ па, осы мәселе біздің бірлескен жұмысымыздың барысында шешіледі.

Анықтамалықты әзірлеуге қанша уақыт қажет?

Бұл  - өте күрделі мәселе. Кем дегенде бір жыл қажет деп ойлаймын. Оған қоса Анықтамалықтарды тікелей әзірлеу ісін бастамас бұрын ХЖТИЖО халықаралық тәжірибені талдаудан бастап, біздің кәсіпорындардың дайындығын бағалау, қажетті бастапқы деректерді жинау және талдау және нормативтік актілердің жобаларын әзірлеу сияқты өте ауқымды даярлық процесін жүргізді. Құжат сапалы болуы үшін оны барлық кәсіпорындармен талқылау қажет. Қазір ХЖТИЖО-да жұмыс топтары құрылып жатыр, олармен осы шешімдердің барлығы кеңінен талқыланады. Менің ойымша, бұл өте күрделі пікірталас процесі болады, ол барлық мүдделі тараптарды кеңінен қамту үшін дұрыс ұйымдастырылуы керек. Мұндай көпжақты процесс пен ашық алаңды ұйымдастыру үшін ХЖТИЖО-ға кешенді жұмыстарды жүргізу қажет. 2007 жылы техникалық регламент туралы құжатты дайындау барысында мен осы жолдан өттім және оның қаншалықты қиын екенін білемін. Әдетте пайдалану барысындағы мүдделер қорғалады. Қашанда жаңа іске көшудің қиын екенін өзіңіз де білесіз. Бұрынғы тәсілдерді бұзу керек, қандай да бір жұмысты тоқтату керек, бірақ ең басты мәселе, ол - қаржыландыру. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Қазақстанда қазірдің өзінде Еуропада қолданылатын технологиялардың 50-70%-ы бар екені анықталды. Орталықтандырылған жылумен жабдықтауда, аралас жылу өндіруде мұндай жаңалықтар жоқ, бізде бұл жүйе кең таралған, бұл қоршаған ортаға жүктемені төмендетуді жеңілдетеді. Жалғыз-ақ – бізде сапалы қондырғылар жоқ. Неге жоқ? Арнайы тазалау жүйесін қажет ететін өзінің әмбебап көрсеткіштері бар Екібастұз көмір кен орнының көмірі жағылады.

Сіз қалай ойлайсыз, көң еңбекті және осындай күрделі процедураларды қажет ететін отандық анықтамалықты жасаудың қандай қажеттілігі бар? Дамыған елдердің анықтамалықтары бар ғой, біз халықаралық тәжірибеге сүйене аламыз.

Мен бұл міндетті процесс деп ойлаймын. Осыған дейін айтып өткенімдей, бұл ең алдымен елдің экономикалық дамуына байланысты. Егер біз еуропалық технологияларды пайдаланатын болсақ, ертең біздің экономикамыз құлдырайды. Себебі, бізде қаржыландыру көздері жоқ, бұл қондырғыларды орнатуға мүмкіндік жоқ, себебі, станциялар ескі, алаңдар жарамсыз, әмбебап көмір жағылады. Сондықтан арнайы тәсілдер қажет. Анықтамалықтар дәл осы мақсатта әзірленеді. Бұл  - әлеуметтік, экологиялық, қаржылық мәселелер кешені. Бізге таза ауа қажет екені анық, бірақ бізге коммуналдық қызметтер үшін үш есе қымбат төлемдер келіп тұрса, біз тұтынушы ретінде ойлана бастаймыз.  Ең бастысы – аталған барлық мәселелердің Қазақстан үшін теңгерімді шешімін табу керек.

Энергияны қажетті арнаға бағыттау Энергияны қажетті арнаға бағыттау
Мәңгілік Ел даңғылы, С1.4 Z00Y4T8 Нұр-Сұлтан Ақмола облысы Қазақстан