Қазақстанда жоспарланып отырған климаттық жобаларды іске асыруға $4 млн-нан астам қаржы бағытталуы мүмкін. Климаттық технологияларды енгізу және экологиялық жобаларды қаржыландыру саласындағы ынтымақтастық перспективаларын «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ (IGTIC) Басқарма төрағасы Сәкен Қалқаманов БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (UNEP) және БҰҰ Өнеркәсіптік даму ұйымы (ЮНИДО) өкілдерімен Баку климаттық іс-қимыл апталығы аясында талқылады.
UNEP сарапшыларымен өткен кездесуде IGTIC-тің Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен бірлесіп іске асырып жатқан Технологиялық қажеттіліктерді бағалау (TNA) жобасын іске асыру нәтижелері талқыланды. Қазіргі уақытта жобаның қорытынды компоненті – Технологиялар жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ тараптар CCAC қаржыландыратын метан жобасын талқылады. Бұған дейін IGTIC Климаттың өзгеруі жөніндегі үйлестіру орталығымен бірлесіп, аграрлық сектордағы, атап айтқанда, мал шаруашылығындағы метан шығарындыларын азайтуға бағытталған жобаны гранттық қаржыландыруға өтінім берген болатын. Сонымен қатар Париж келісімінің 6-бабы шеңберінде орман-климаттық жобаларды іске асыру бойынша ынтымақтастық перспективалары қарастырылды. Талқылаулар тараптардың серіктестікті одан әрі нығайтуға өзара мүдделі екенін көрсетті.
ЮНИДО сарапшысы Томаш Павелецпен өткен кездесуде тараптар Жасыл климат қорының қолдауымен Readiness III бағдарламасы аясында ұлттық климаттық инвестициялық платформаны құру мәселесін талқылады. ЮНИДО платформаның практикалық жұмыс істеу тетіктерін дамытуда Орталыққа техникалық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Сондай-ақ Readiness IV бағдарламасының келесі кезеңі аясында ынтымақтастық орнату перспективалары қарастырылды.
Платформаны құру климаттық инвестицияларды ұлттық деңгейде үйлестіруге мүмкіндік беріп, жасыл акселерация жөніндегі өңірлік хаб арқылы тәжірибені Орталық Азия елдеріне таратуға негіз қалайды. Бұл бастама IGTIC-тің ЮНИДО-мен бірлесіп соңғы үш жылда жүзеге асырып келе жатқан GCIP жобасының жалғасы болмақ..

