3 қыркүйекте Астанада алғаш рет цифрлық инклюзия және трансформация бойынша Азия-Тынық мұхиты министрлік конференциясы өтті. Бұл іс-шараны БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхитына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (ЭСКАТО) және Қазақстанның цифрландыру, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шара инклюзивтілік және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін цифрлық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған. ЭСКАТО – Азия-Тынық мұхиты аймағындағы үкіметаралық ынтымақтастықта маңызды рөл атқаратын БҰҰ-ның бес аймақтық комиссиясының бірі.
Қазақстан өңірдегі цифрлық үкіметтік шешімдер саласында көшбасшы болып танылды. Бұл конференция мемлекеттің 2025 жылға қарай 500 миллиард теңге инвестиция тарту және 2026 жылға қарай IT-өнімдер экспортын 1 миллиард долларға ұлғайту мақсатын қолдайды.
Конференцияда БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және ЭСКАТО атқарушы хатшысы Армида Салсия Алишахбана 2024 жылға арналған Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі цифрлық трансформация туралы есепті Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектеновке ұсынды. Есепте цифрлық технологияның аймақтағы климаттың өзгеруіне келтірген әсеріне талдау жасалған.
Баяндамада инфрақұрылым, басқару, ұтқырлық, өнеркәсіп, сауда, апат қаупін азайту, ауыл шаруашылығы және биоәртүрлілік экожүйелері сияқты салаларда цифрлық шешімдерді пайдаланудың 27 мысалы берілген.
«Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ атынан «The high level forum on digital for tackling air pollution and climate change» (Ауаның ластануымен және климаттың өзгеруімен күресуге арналған жоғары деңгейлі цифрлық форум) панельдік сессиясы шеңберінде Стратегия, талдау және цифрландыру департаментінің директоры Айтжанов Асылхан сөз сөйледі. Ол өз сөзінде қатысушыларға Орталықтың кешенді технологиялық аудит жүргізу барысындағы жетістіктері, жаңа ең үздік қолжетімді техникалардың анықтамалықтарын әзірлеу және UNIDO-мен GCIP бағдарламасы бойынша, сондай-ақ Readiness бағдарламасы бойынша Green Climate Fund-пен бірлесіп жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтылды.
Конференция 5 қыркүйекке дейін жалғасуда. Цифрландыру министрлерін қоса алғанда, 30-дан астам елден делегациялар қатысады. Алғашқы екі күнде пленарлық отырыстар, қатарлас іс-шаралар және екіжақты кездесулер, сондай-ақ меморандумдар мен келісімдерге қол қою өтеді. Конференцияның соңғы күні, 5 қыркүйек Kazakhstan Tech Solution Day-ге арналады, онда SmartBridge, Smart Data Ukimet және eOtinish-ті қоса алғанда, Қазақстанның IT-компаниялары, стартаптары және озық цифрлық әзірлемелері ұсынылатын болады. Сондай ақ Astana Hub халықаралық технопаркінің жұмысы көрсетіледі.