Бүгін, 2024 жылғы 26 қарашада Астанада БҰҰ-ның негізгі Климаттық Саммиті – COP29 қорытындыларына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Шара барысында Бакуде аяқталған БҰҰ-ның климаттық конференциясында ұсынылған негізгі мәселелер мен бастамалар талқыланды.
Баспасөз отырысына Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, климат саясаты департаментінің климаттың өзгеруіне бейімделу басқармасының басшысы – Тастемірова Ш., «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ Басқарма Төрағасының орынбасары – Жакеев Б., халықаралық ынтымақтастық және маркетинг департаментінің бас менеджері – Есембаев А., мониторинг, талдау және ХЭҚ департаментінің басшысы – Мағзұмова Б., «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС экологиялық саясатты дамыту жөніндегі менеджер – Есболов Е., халықаралық сарапшы – Азиева З., сонымен қатар Chapter Zero Kazakhstan тарауының даму жөніндегі директоры – Бачинская Н. өкілдері қатысты.
Кездесу барысында БАҚ өкілдері Қазақстанның экологиялық жағдайды жақсартуға және климаттың өзгеруіне қарсы тұруға бағытталған бірқатар инновациялық бастамалары туралы толық ақпарат алды. Негізгі жобалардың бірі агроөнеркәсіп кешеніндегі топырақ құнарлығын қалпына келтіруге бағытталған экожүйені қалпына келтіретін ауыл шаруашылығы Ecosystemic Regenerative Agriculture (ERA) әдістемесі болды. Бұл бастама ауыл шаруашылығын климаттың өзгеруіне төзімді ету және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудағы маңызды қадам болып табылады.
Сонымен қатар, Қазақстанда алғашқылардың бірі болып табылатын және Қазақстанның жаңартылған ұлттық үлесінің (NDC 3.0) бөлігі ретінде жүзеге асырылатын көміртекті жою жобасы ұсынылды. Бұл жоба Қазақстанның Париж келісімінің мақсаттарына және жаһандық жылынуға қарсы күреске адалдығын көрсетеді.
Балқаш көлінің экожүйесін қорғауға да ерекше көңіл бөлінді. Осы талқылау аясында «Қазақмыс» корпорациясы көлдің экожүйесін зерттеуге, суды тұрақты басқаруға, биоәртүрлілікті бақылауға және су сапасын жақсартуға қатысты жобаларға 5 миллион доллар бөлетінін жариялады. Бұл шаралар аймақтың бірегей табиғи ресурстарын сақтауға және су экожүйесін басқарудың тұрақты тәсілін дамытуға бағытталған.
COP29 саммитінің маңызды нәтижелерінің бірі 2026 жылы Қазақстанда климаттың өзгеруімен күресу бойынша бірлескен стратегиялар мен шешімдерді әзірлеу алаңына айналатын Аймақтық Климаттық Саммитті өткізу туралы оң шешім де болды. Қазақстан ашық және сындарлы жан-жақты талқылау үшін жағдай жасауға, сондай-ақ озық тәжірибелер мен инновациялармен алмасуға жәрдемдесуге ұмтылады.