2024 жылғы 19 желтоқсанда, Астанада «Жасыл және тұрақты облигацияларды әзірлеу және шығару: саясат, тәжірибе, верификациялау» деген тақырыпта семинар өтті. Іс-шараны KPMG Kazakhstan “Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы” КЕАҚ және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп ұйымдастырды.
Семинарда жасыл қаржыландыру құралдарын игеруге мүдделі Қазақстанның банк секторы мен қаржы мекемелерінің өкілдері бас қосты. Қатысушылар саясатты әзірлеуді, сыртқы верификациялау процесін, листинг пен есептілікті қоса алғанда, жасыл облигациялар шығарудың негізгі аспектілері туралы толық ақпарат алды,
Семинардың негізгі тақырыптары:
- Қазақстандағы және әлемдегі тақырыптық облигациялардың тарихы мен дамуы;
- Ұлттық және халықаралық жасыл қаржыландыру таксономиясы;
- Эмитентті жасыл облигациялар шығаруға дайындаудың практикалық қадамдары;
- “Жасыл камуфляж” (greenwashing) тәуекелдері және оларды азайту тәсілдері;
- Қазақстанның банк секторы үшін жасыл қаржыландыруды дамыту перспективалары.
Тұрақты дамуды ілгерілетудегі банк секторының рөліне және экологиялық таза жобаларға инвестициялар тартудың тиімді тетіктерін әзірлеудің маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Семинардың спикерлері — KPMG Kazakhstan тұрақты даму практикасының сарапшылары: Татьяна Мирошниченко, Ренат Сайлау және Камиля Сұңғат жасыл облигациялар шығару бойынша өз тәжірибелерін ортаға салды және үздік әлемдік кейстерді ұсынды.
Семинар Readiness бастамасының Қазақстанның Жасыл климат қорынан тікелей қаржыландыруды тарту әлеуетін нығайту жөніндегі бастамасының бір бөлігі болды. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі ХЖТИЖО-ны 2022 жылы Readiness «Бағдарламалау саласындағы Қазақстанның әлеуетін одан әрі нығайту, Жасыл климат қорына тікелей қолжетімділікті кеңейтуді институционалдық қолдау және “жасыл” қаржы жүйесін дамыту» жобасы бойынша Ұлттық атқарушы агенттік ретінде тағайындады. Жоба БҰҰ жобаларға қызмет көрсету басқармасымен (UNOPS) бірлесіп іске асырылып отыр.