Қазақстанның жасыл экономикасы және климаттық бастамалары

Қазақстанның жасыл экономикасы және климаттық бастамалары

Климаттың өзгеріп, ресурстардың түгесіліп бара жатқаны әлем халықтарын, соның ішінде бизнесті тұйыққа тіреп отыр. Көміртегі шығарындылары мен басқа да ресурстарды тиімсіз пайдалансақ, осы әрекетімізбен экожүйеге қауіп төндіреміз. Экологиялық факторларды ескермейтін компаниялардың көміртегі салығы енгізілген Еуропалық одақ сияқты нарықтарда бәсекеге қабілеттілігін жоғалту қаупі бар. Ал «жасыл» экономика табиғи ресурстарды тұрақты пайдаланып қана қоймай, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға ықпал етеді. Осы арқылы табиғат ластануының алдын алуға болады.

Бұл бір жағынан бизнес­ке жаңа мүмкіндік ашады. Кәсіп­кер­лер өндірісте энергия мен ма­те­риалдардың шығынын азайтып, «жасыл» инвестиция­лар­ға қол жеткізе алады әрі жаңа нарыққа шығуға мүмкіндік ­туады.

Орайы келгенде халықаралық «жасыл» технологиялар және ин­вес­­тициялық жобалар орта­лы­ғы­ның басқарма төрағасы Дидар Қа­­рым­­сақовпен елдің жасыл эко­­но­ми­ка­ға қалай бет бұрып жат­қаны жөнін­де, бизнестегі сын-қатерлер турасында аз-кем пікір­лестік. Бакуде климаттық өзге­ріс­терге байла­нысты өткен COP29 кон­фе­ренциясы туралы сұрап білдік.

– COP29-да дамыған елдердің қаржылық міндеттемелерін дамушы елдердің пайдасына үш есе көбейту туралы шешім қабыл­данды. Осы­лайша, экологиялық тұрақты жоба­ларды іске асыру бағытында жаңа мүмкіндіктер ашылады. Қаражатты тек экономиканы декар­бонизациялауға, таза тех­ноло­гияларды енгізуге, ауыс­­палы климатқа бейімде­лу­ге ғана пай­далануға болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылы Астанада өңір­лік Кли­маттық саммит өткізу ту­ра­лы ұсыныс жасады. Іс-шара біз бетпе-бет келіп отыр­ған кли­маттық сын-қатерлерді Орта­­лық Азия елдерімен бірігіп тал­­­қы­­­лауға, шешу жолдарын іздеуге жол ашады. Сонымен қоса өңірдің халықаралық кли­мат­­­тық келіссөздердегі позиция­сын нығайтуға, тұрақты жоба­лар­­­ды іске асыруға инвестиция та­р­туға мүмкіндік береді,– дейді Д.Қарымсақов.

Мамандардың пайымынша, экологиялық технологияларды енгізуде елдегі компаниялардың өз артықшылығы бар, кемші­лігі де жоқ емес. Мәселен, жаңар­ты­латын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту арқылы 2060 жылға қа­рай көміртегі бейтараптығына ұмтыламыз. Елі­мізде күн, жел энергетикасы бағы­тындағы жоба­лар дамып келеді. Алайда екін­­ші жағынан, «жасыл» техно­ло­­гия­ларға көшу арқылы амалсыз бір­қатар қиындыққа тап келуге мәж­бүрміз. Мұның ішінде ма­ман­дандырылған сы­нақ поли­­­гон­да­рының аздығы, ұзақ­мер­зім­­­ді жоба­­ларды қар­жы­ландыруға қара­­жаттың тапшы­лығы, таза тех­но­логияларды енгі­зуде бастап­қы шығындардың көп­тігі сынды кедергілер бар.

Елімізде жаңартылатын энергия көздері секторы жедел дамып келеді. Бүгінде энергетикалық баланстағы ЖЭК үлесі 4,5%-ды құ­райды. Енді осы көрсеткішті 2030 жылға қарай 15%-ға, 2050 жыл­ға қарай 50%-ға дейін жеткізу мін­деті тұр. Бұдан бөлек, Жамбыл облы­сындағы Қордай жел электр стан­сасы, Алматы облысындағы күн стансалары сияқты ірі жоба­лар іске асты. Еліміз Еуропа­лық одақтың көміртегі реттеуіне (CBAM) сәйкес келетін көміртегі салығын енгізуге дайындалып жатыр. Мұны біз елдегі компания­лар­­ды «жасыл» технологияларды енгі­зуге, көмірқышқыл газының шы­ға­рындыларын азайтуға ынта­лан­ды­руға бағытталған қадам деп түйдік.

Елде «жасыл» технология­ларды қолдаудың маңызды элементі саналатын GCIP-Kazakhstan бағ­дарламасының болашағы баянды. GCIP-Kazakhstan – таза технологиялар саласындағы стартаптарды қолдауға бағытталған бірегей бағдарлама, елімізді қоса ал­ғанда 16 мемлекетті қамтитын жаһандық бастаманың бір бө­лігі. Бағдарлама инновациялық ­«жасыл» шешімдерді әзірлейтін стартаптарды қаржыландырып, ­сараптама алуға, халықаралық нарықтарға шығуға көмектеседі.

– Бағдарламадан өткен жеңім­паздарға 3 млн теңгеге дейін грант беріледі. Сондай-ақ стартаптарға Global Cleantech Days, БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі Жөнін­дегі Конференциясы (COP29) сияқ­ты жаһандық іс-шараларға қа­ты­су­ға міндетті түрде қолдау көрсетіледі. Бағдарламаны іске асыру аясын­­да өткен екі жылда 200-ден астам ­өті­­нім берілді. Оның ішінде 10 стартап грант алып, бірнеше халық­ара­лық байқаудың жеңімпазы атанды. Мысалы, Ozen-М стартапы Аустриядағы Global Cleantech Days 2024-те 2-орынға ие болды. Демек бұл – стартаптарды танытып, бүкіл әлемде инвесторлар­мен, серіктестермен байланыс орнатуға тамаша мүмкіндік, – деп түйіндеді Д.Қарымсақов.

GCIP-Kazakhstan бағдар­ла­масы биыл да стартаптарға қолдау көр­сету жұмыстарын үзбей жалғас­ты­ра­ды. Оларға инновация­лық экология­лық шешімдерді дамытып, өнер­кәсіпке интеграция­лауға ресурстар ұсынады. Жалпы, елде тұрақты дамуға сәтті көшу­дің бар­лық алғышарты жасал­ған. Ресурстар жеткілікті, Үкімет­тің стратегиялық бастамаларымен қоса белсенді жұмыс істейтін бизнестер бар. Мұндағы негізгі фактор – тұрақты өсуді қамтамасыз ете алатын, табиғи ресурстарды сақтайтын инновациялық технологияларды, «жасыл» шешімдерді біріктіру. Осы арқылы стартаптарды қолдауға болады. GCIP-Ka­zakhstan бағ­дарламасынан бөлек, өзге де жобалар осы бағытта жақ­сы нәтижеге қол жеткізуде маңыз­ды рөл атқаратыны анық. Осындай бастамалардың арқасында еліміз Орталық Азияда таза техноло­гия­ларды енгізу жөніндегі көш­бас­шылардың біріне айналса құба-құп.

https://egemen.kz/article/381523-zhasyl-ekonomika-%E2%80%93-dganhghyrugha-dganha-mumkindik