2025 жылғы 12-13 наурызда «Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығы» ҚАЕҚ-ның Басқарма төрағасының міндетін атқарушысы Сакен Калкаманов және Бас директор Асылхан Айтжанов UNEP ұйымымен ұйымдастырған «Global Technology Needs Assessment (TNA) Workshop» атты шеберлік сабағына қатысып, Кенияның Найроби қаласындағы штаб-пәтерінде болды. Өткізілген шара аясында климаттық технологиялардың негізгі аспектілері, соның ішінде ұлттық климаттық жоспарлардағы рөлі мен дамушы елдердегі технологиялық бастамаларға инвестициялар мен ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктері талқыланды.

2009 жылдан бері UNEP, UNFCCC Хатшылығымен бірлесіп, 100-ден астам дамушы елде Технологиялық қажеттіліктерді бағалау (TNA) жобасын жүзеге асыруда. Бұл жоба аясында елдер әлеуметтік-экономикалық, экологиялық және климаттық критерийлерді ескере отырып, таңдалған басым секторлар үшін TNA және Технологиялық іс-қимыл жоспарларын (TAP) әзірлейді. Бұл процесс Париж келісімі шеңберінде Ұлттық анықталған үлестерді (NDC) және Ұлттық бейімделу жоспарларын (NAP) жүзеге асыруды қолдауға көмектеседі, сондай-ақ Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етеді. Шеберлік сабағына қатысу Қазақстанның климаттық басымдықтарын жариялауға және еліміздің жобаның келесі кезеңіне қатысуға дайын екендігін баса көрсете отырып, халықаралық қаржы институттарымен байланыс орнатуға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, семинарға қатысу шеңберінде қазақстандық делегация UN Climate Technology Centre and Network (CTCN) өкілдерімен кездесулер өткізді. Кездесулерде техникалық көмек алу мүмкіндіктері мен жасыл технологияларды енгізу бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды. Қазақстан инновациялық климаттық шешімдер мен тұрақты даму технологиялын дамыту саласында ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді.

Сонымен қатар, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің (AIIB) өкілдерімен кездесу өткізіліп, онда Қазақстандағы жасыл саясаты саласындағы жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктері талқыланды. Бұл ынтымақтастық тұрақты дамуға қол жеткізуге және көміртегі ізін азайтуға бағытталған елдің экологиялық және климаттық бастамаларына айтарлықтай қолдау көрсетеді деп күтілуде.