Павлодар облысының өнеркәсіптік кәсіпорындары жаңа экологиялық деңгейге көшуге дайындалып жатыр. Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы (ХЖТИЖО) ұйымдастырған жұмыс кеңесінде ең үздік қолжетімді технологияларды (ЕҚТ) енгізу және Кешенді технологиялық аудит (КТА) жүргізу үшін нақты қадамдар талқыланды.
Кездесудің мақсаты — өндірістерді жаңғыртуға, қоршаған ортаға техногендік жүктемені төмендетуге және өңір экономикасының тұрақтылығын арттыруға практикалық жәрдемдесу. Негізгі экологиялық сын-тегеуріндерге – облыстың өнеркәсіптік шығарындыларының басым бөлігі шоғырланған Павлодар, Екібастұз және Ақсу ірі өнеркәсіптік орталықтарындағы ауаның ластануының жоғары деңгейіне баса назар аударылды. Негізгі көздері – отын-энергетика кешені мен металлургия кәсіпорындары болып отыр.
ЕҚТ енгізу бірден бірнеше мүмкіндіктерге жол ашады:
- жабдықтарды жаңарту арқылы зиянды шығарындыларды азайту;
- ауа сапасы мен халықтың денсаулығын жақсарту;
- энергия тиімділігін арттыру және шикізатты тереңірек өңдеу;
- “жасыл” инвестицияларға қол жеткізу және экологиялық преференциялар алу.
Нақты өзгерістердің мысалы ретінде қатысушыларға “Павлодар” арнайы экономикалық аймағында электромобильдерді құрастыру зауытын салу жобасы ұсынылды — бұл экологиялық таза технологияларды енгізуге жасалып отырған тағы бір маңызды қадам.
Кеңес нақты уағдаластықтармен аяқталды: кәсіпорындар кешенді экологиялық рұқсаттарға көшуге және энергетика, металлургия, қалдықтарды басқару және тамақ өнеркәсібінде тұрақты шешімдерді іске асыру үшін ХЖТИЖО-мен ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
ХЖТИЖО өнеркәсіптік кәсіпорындардың сенімді серіктесі болып қала береді, оларға экологиялық жаңғырту мен тұрақты дамуға сенімді түрде көшуге көмектеседі.