Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» (ХЖТО) делегациясы 22–23 сәуір күндері Бангкок қаласында өткен БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты аймағына арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) 81-сессиясына қатысты. Іссапардың негізгі мақсаттары — «Астана жасыл белдеуі» сайд-ивентін өткізу және жаңартылған «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасын (ЖКСБ) ілгерілету бойынша ынтымақтастықты күшейту болды.
Қазақстан делегациясын ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев басқарды. Делегация құрамына сондай-ақ ХЖТО Басқарма төрағасының орынбасары Сауле Қозыкеевна Қозыке, министрліктің Орман шаруашылығы, орман пайдалану және флора басқармасының басшысы Азамат Әбуов және басқа да өкілдер енді.
22 сәуір күні қазақстандық делегация ЭСКАТО-ның келесі құрылымдарымен жұмыс кездесулерін өткізді: Қоршаған ортаны қорғау және даму бөлімі (EDD) және Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және апаттар қаупін төмендету бөлімі (IDD). Кездесулер барысында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен ЭСКАТО арасындағы 2025–2027 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарының мазмұны мен іске асыру тетіктері талқыланды.
Осыған орай, ХЖТО Басқарма төрағасының орынбасары Сауле Қозыкеевна Қозыке Программаны таныстырып, бастаманың негізгі бағыттарын атап өтті. Ол Қазақстанның Орталық Азия өңірінде орнықты дамуға жетудің стратегиялық құралы ретінде технологиялық трансформацияны қарастыратынын жеткізді. Ерекше назар жасыл және климаттық технологиялармен алмасуға арналған халықаралық цифрлық платформаны құруға, сондай-ақ технологияларды трансферлеуді реттейтін халықаралық техникалық келісімді әзірлеуге аударылды.
23 сәуір күні Қазақстан делегациясы БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – ЭСКАТО Атқарушы хатшысы Армида Салсиа Алишахбана ханыммен екіжақты кездесу өткізді. Кездесу барысында қазақстандық тарап 2025–2027 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарының жобасын ресми түрде табыс етті. Сонымен бірге, Программаны әрі қарай кеңейту және оны өңірлік әрі халықаралық тұрақты даму бағдарламаларымен ықпалдастыру мүмкіндіктері талқыланды.
Осыған дейін, күннің бірінші жартысында Қазақстан делегациясы ЭСКАТО-ның 81-сессиясының пленарлық отырысына қатысты. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің атынан Данияр Тұрғамбаев құттықтау сөз сөйледі. Ол Қазақстанның орнықты даму мен климаттық бейімделу саласындағы тәжірибесін, оның ішінде «Астана жасыл белдеуі» жобасын таныстырды.
Өз сөзінде Данияр Тұрғамбаев атап өтті:
«Астана жасыл белдеуі – бұл жай ғана көгалдандыру емес. Бұл адамның табиғатпен үйлесімде өмір сүре алатынын дәлелдейтін символ. Бұл батыл көзқарас пен ғылым, ерік-жігер арқасында шөлейт даланы гүлденген орманға айналдыруға болатынын көрсететін мысал», — деді ол.
Сонымен қатар, Сауле Қозыкеевна халықаралық серіктестермен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Азиаттық және Тынық мұхиттық технологияларды трансферлеу орталығының (APCTT, Үндістан), Азиаттық және Тынық мұхиттық ақпараттық-коммуникациялық технологиялар оқу орталығының (APCICT, Корея Республикасы), сондай-ақ Таиландтағы Әзірбайжан Елшілігінің өкілдерімен келіссөздер жүргізілді.
Күннің маңызды іс-шарасы ҚР Экология министрлігі ұйымдастырған «Астана жасыл белдеуі» сайд-ивенті болды. Іс-шара дәріс және сұрақ-жауап форматында өтті. Презентация барысында Астананың айналасында 100 мың гектардан астам жасанды орман алқабын құру арқылы микроклиматты өзгерту, биологиялық әртүрлілікті арттыру және шөлейттенумен күрес бағытындағы бірегей жоба таныстырылды. Қазақстан бастамасы экология саласындағы өңірлік көшбасшылықтың, озық жасыл технологияларды енгізудің және қалаларды орнықты көгалдандыру үлгісінің айқын мысалы ретінде жоғары бағаланды.
Қазақстанның ЭСКАТО-ның 81-сессиясына қатысуы кең халықаралық контексте өтті. Іс-шараларға ЭСКАТО-ға мүше 50-ден астам елдің өкілдері қатысты. Бұған қоса, БҰҰ-ның агенттіктері мен халықаралық ұйымдар кеңінен ұсынылды.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар ЖКСБ шеңберінде тұрақты өзара іс-қимылды қамтамасыз ету үшін тұрақты үйлестіру кездесулерін өткізуге, сондай-ақ бірлескен жобаларды бірлесе әзірлеуге уағдаласты.