Дереккөз: ER10
Қазақстандық стартап – Tapqan қытайлық Global Whale компаниясымен инвестициялық келісім жасады. Олар ҚР-ға құрылысқа арналған ауыр электрлік және арнайы техника жеткізеді, сондай-ақ жаңа қазақстандық кәсіпорында бірге жұмыс істейді. Фаундер Tapqan Бейбарыс Дүйсен ER10 Media редакциясына эксклюзивті түсініктеме берді.
— Бүгінгі таңда біз қытайлық Global Whale компаниясымен және Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығымен ниет туралы келісімге қол қойдық. Бұл жай ғана формальдылық емес – Tapgan платформасы арқылы пайдаланатын арнайы электр техникасының жеке паркін құрудағы біздің алғашқы қадамымыз.
Әрбір машина GPS, онлайн-камералармен және тапсырыс беруші нақты уақытта қосымша арқылы объектідегі жұмыстарды бақылай алатын қашықтықтан бақылау жүйесімен жабдықталады. Біз қала жағдайында электрлік техниканың дизельдік техникадан еш кем түспейтінін, тіпті одан артық екенін көрсеткіміз келіп отыр – ол шу шығармайды, экологиялық және технологиялық көлік.
Қол қойылған келісім – бірлескен жұмыстың негізі: енді біз қаржы моделін жинаймыз, бизнес-архитектураны әзірлейміз, тиімділікті есептейміз. Бұл, сөзсіз, күрделі кезең, бірақ ол алдағы жұмыстың іргетасын қалайды. Біз бұл жобаның маңызы зор екеніне сенімдіміз және Алматыда пилотты іске қосқанға дейін белсене іске кірісуге әзірміз, — деп түсіндірді Бейбарыс.
Tapqan техниканы жалға алуға тапсырыстардың тұрақты ағынын жеткізетін болады, сондай-ақ паркті және оның персоналын операциялық басқару міндетін атқарады. Стартаптың фаундері мұндай істе тәжірибесі бар екенін атап өтті: ол ауыр техника пайдаланылатын Алматы облысындағы қиыршық тас карьерін басқарған және осы саладағы процестерді қалай тиімді басқаруға болатыны туралы хабары бар. Қытайлық тарап электр автопаркін ұсынатын және барлық негізгі бағыттар бойынша тәжірибесімен бөлісетін инвестор және технологиялық әріптес ретінде әрекет етеді. Ал ХЖТИЖО бизнес, экологиялық күн тәртібі мен мемлекеттік бағдарламалар арасындағы сарапшы және үйлестіруші ретінде маңызды рөл атқарады. Олар жобаны Қазақстанның тұрақты даму саласындағы стратегиялық мақсаттарына сәйкес келетіндей және институционалдық қолдауға ие болатындай етіп құруға көмектеседі.
— Шынымды айтсам, ұзақ уақыт бойы көп күш жұмсалған жобамыздың қолдау тапқанына қуанып отырмын. Егер бәрі ойдағыдай болса, тұрақты шешімдерді арнайы техника сияқты күрделі салада да жүзеге асыруға болатынына үлгі болмақ. Бірінші кезеңде —Алматыдағы пилоттық жоба шеңберінде — қытайлық тарап негізгі инвестициялық жүктемені көтереді. Оған электрлік арнайы техниканы, инфрақұрылым бөлігін жеткізу және техникалық қолдау көрсету кіреді.
Біз үшін бұл кезеңде ең бастысы — техника ғана емес, тәжірибе маңызды: ол қала жағдайында қалай пайдаланылады, логистика қалай жұмыс істейді, нарық қалай қабылдайды. Бұл пилоттық жоба — модельді жетілдіру, оның тиімділігін дәлелдеу және келесі деңгейге өту мүмкіндігі. Болашақта біз модельді басқа инвесторларға да ұсынбақпыз. Экологиялық арнайы техникаға қаржы салғысы келген – сонымен бірге Қазақстанның басқа қалаларында да жаңа автопаркті дамытқысы келетін кез келген жанға мүмкіндік берудің әлеуеті зор екенін көріп отырмын. Бұл табысы мол әрі экологияны жақсартуға үлес қосатын тұрақты инвестициялардың жаңа форматына айналуы мүмкін.
Қазір біз қаржы және заң архитектурасын дәл осы перспективамен— бірінші табысты кейс негізінде серіктестер үшін масштабталатын, айқын және тартымды модель құру мақсатында пысықтап жатырмыз. Пилотты іске қосу үшін белсенді дайындық жүріп жатыр. Келісімге қол қойылғаннан кейін ең ауқымды бөлім – қағаз және ұйымдастыру жұмыстары басталды: қаржылық модельді есептеу, келісу, бірлескен кәсіпорынды заңдық ресімдеу, техника мен логистикалық шешімдерді таңдау. Алматыға алғашқы электрлік техника 2026 жылдың басында келеді деп жобалап отырмыз. Бұл – пилоттық жобаның нақты жағдайда, құрылыс алаңдарында, толыққанды пайдаланылатын бастамасы болады — деді фаундер Tapqan.
Бейбарыс ынтымақтастықтың аяқ астында пайда болмағанын айтып өтті: “Мені Алматының экологиялық жағдайы бұрыннан бері ойландырады — осында тудым, осында тұрамын. Дәл осы мақсатта мен Қазақстанның жасылдар партиясы – “Байтақтың”мүшесі болдым және қазір Алматы филиалының құрамындамын. Бірақ мен үшін экологияны талқылап қана қоймай, өзіме таныс салада – ауыр техника мен құрылыс саласында нақты іске көшу маңызды. Ескірген дизельдік арнайы техника проблемасы – жаһандық мәселе және ол Қазақстанда да өзекті. Сонымен қатар электрлік техника — жаңа-жаңа нарыққа кіріп келе жатқан серпінді шешім, тіпті Қытайдың өзінде ол белсенді ендіру сатысында. Мен: қоршаған ортаны қорғауға үлес қосу үшін — өз кәсібіңді экологияландыру қажет деп санаймын. Бәрі де осы идеядан басталды”. CEO Tapqan технологиялық серіктестерді іздеу кезінде өз әріптестерімен бірге электр моторлары мен ақылды шешімдер өндірісінде әлемдік көшбасшы ретінде Қытайға, сондай-ақ Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығына (ХЖТИЖО) назар аударған, – Мен Орталықтың Басқарма Төрағасының м.а. Сәкен Амангелдіұлы Қалқамановқа ерекше ризашылығымды білдіремін — ол жобаның құндылығын алғашқы қадамнан-ақ байқап, жеке өзі талқылауға қатысып, қолдау көрсетті. ХЖТИЖО командасы экологиялық миссияны іс жүзінде іске асырумен ұштастыра алатын білікті әрі сауатты мамандар ретінде танылды.
Стартапты құттықтаймыз және табиғатқа жанашыр шешімдерінің қарыштап дами беруіне тілектеспіз!