Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтар: Қазақстан өнеркәсібін экологиялық трансформациялаудың негізгі құралы

Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтар: Қазақстан өнеркәсібін экологиялық трансформациялаудың негізгі құралы

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ-мен (ХЖТИЖО) бірлесіп іске асыратын кешенді экологиялық реформа шеңберінде ең үздік қолжетімді техникалар (ЕҚТ) бойынша салалық анықтамалықтар жүйесі ерекше маңызға ие болады. Бұл құжаттар кәсіпорындардың кешенді экологиялық рұқсаттар (КЭР) жүйесіне көшу процесінде негізгі әдіснамалық және практикалық құралға айналды.

Экология кодексінің нормаларын іске асыруға және өнеркәсіптік кәсіпорындарда КЭР-ді кезең-кезеңімен ендіру мәселелеріне арналған кеңес барысында ЕҚТ бойынша бекітілген анықтамалықтардың типографиялық нұсқасы ұсынылды.

Анықтамалықтар ластағыш заттар шығарындыларының көлемі бойынша ең ірі кәсіпорындар болып табылатын ТОП-50 нысанды қамтиды және экологиялық жүктемені төмендетуге және орнықты даму қағидаттарына сәйкестікке бағытталған заманауи технологиялық шешімдерді қамтиды. Олар зиянды шығарындыларды азайтуда және қоршаған ортаға теріс әсерді азайтуда тиімділігін дәлелдеген технологиялық процестерді, жабдықтар мен басқару әдістерін ұсынады.

Анықтамалықтарды әзірлеу кәсіпорындар үшін бірыңғай экологиялық стандарттарды белгілеуге, экологиялық талаптардың ашықтығы мен болжамдылығын қамтамасыз етуге, КЭР беруге бірыңғай көзқарас есебінен әкімшілік кедергілерді азайтуға, сондай-ақ экономиканың негізгі салаларында заманауи, экологиялық қауіпсіз технологияларды енгізуді ынталандыруға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда металлургия, химия, энергетика, мұнай-газ саласы, сондай-ақ өндіруші және өңдеуші секторларды қоса алғанда, өнеркәсіптің негізгі бағыттарын қамтитын 20 салалық анықтамалық әзірленді. Бұл құжаттар экологиялық қауіпсіз өндіріске деген заманауи тәсілдерді көрсетеді және кәсіпорындарда ең үздік қолжетімді техникаларды ендіру үшін практикалық нұсқаулық болып табылады.

Бірқатар анықтамалық – тіпті халықаралық стандарттар бойынша бірегей және Еуропалық Одақта олардың теңдесі жоқ. Оларды әзірлеу өнеркәсіпшілердің, салалық қауымдастықтардың, ғылыми институттар мен мемлекеттік органдардың қатысуымен, ашықтық пен техникалық негізділік қағидаттарын сақтай отырып жүргізілді.

Анықтамалықтар кәсіпорындардың қызметін кешенді экологиялық бағалауда қолданылады және КЭР алу үшін міндетті болып табылады. ҚР Экология кодексінің талаптарына сәйкес, 2025 жылдан бастап 50 ірі кәсіпорын ЕҚТ ендіруге және КЭР алуға міндетті. 2031 жылдан бастап бұл I санаттағы барлық кәсіпорындар үшін міндетті болады. Мерзімдерді сақтамау экологиялық төлем ставкаларын бірнеше мәрте арттыруға – үш жылда бір рет  2, 4 және 8 есе көбейтуге әкеп соғады, бұл кешіктіруді экономикалық тұрғыдан тиімсіз етеді.

Осылайша, ЕҚТ бойынша анықтамалықтар ластануды азайтуға, технологиялық бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және орнықты даму мақсаттарын іске асыруға бағытталған экологиялық жаңғыртудың жүйе құраушы элементі болып табылады.