Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Елшілігінде Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының (ХЖТИЖО) Басқарма Төрағасы Сәкен Қалқаманов Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рапиль Жошыбаевпен кездесті.
Талқыланған тақырып — Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы Еркін экономикалық аймақты одан әрі дамыту, сондай-ақ оның аумағында озық жасыл технологияларды енгізу және орнықты жобаларға инвестициялар тарту мүмкіндіктері. Тараптар өңірдің тұрақты өсуінің негізгі факторларының бірі ретінде трансшекаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстандық Ең үздік қолжетімді технологиялар бюросын (ЕҚТ) Қырғызстан нарығына ілгерілету мәселелеріне және Орталық Азия ЕҚТ бюросын құру бастамасына ерекше назар аударылды. Мұндай қадамдар экологиялық реттеудің өңірлік тетіктерін нығайтуға және технологиялық тиімді және экологиялық қауіпсіз шешімдерді қолдану аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ GCIP жасыл акселерация бағдарламасының финалистері мен Қырғызстанның іскерлік қоғамдастығы өкілдерінің қатысуымен бизнес-форум ұйымдастыру мәселесі талқыланды. Іс-шара іскерлік байланыстарды дамытуға, бірлескен жобаларды іздеуге және қолданыстағы экономикалық тетіктер шеңберінде жасыл инновацияларды кеңейтуге бағытталып отыр.
Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы Елшілігі экологиялық акцияларды, мәдени және білім беру іс-шараларын қоса алғанда, орнықты дамуға бағытталған бастамаларға жан-жақты қолдау білдіреді. ХЖТИЖО-мен бірлескен іс-қимылдар Қазақстанның экологиялық жауапкершілік пен технологиялық прогресс негізінде «жасыл көпір» және өңірлік интеграция қағидаттарын ұстанып отырғанын көрсетеді.
Кездесу Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тұрақты даму және жасыл инновацияларды енгізу саласындағы стратегиялық серіктестікті тереңдетуге жасалған маңызды қадам болды.