«Green Tech коммерцияландыру реакторы»: Астанада экологиялық мәселелерге технологиялық шешімдер ұсынылды

«Green Tech коммерцияландыру реакторы»: Астанада экологиялық мәселелерге технологиялық шешімдер ұсынылды

Астанада атмосфералық ауаның ластануы жоғары деңгейде сақталуда. Астанада және елордалық өңірде туындап отырған экологиялық мәселелер «Green Tech коммерцияландыру реакторы» технологиялық брокерлік іс-шарасында талқыланды. Іс-шараны «Жасыл технологиялар және инвестициялық жобалардың халықаралық орталығы» КЕАҚ (Орталық) ұйымдастырды. Шара БҰҰ-ның Өнеркәсіптік даму жөніндегі ұйымы (ЮНИДО) мен Ғаламдық экологиялық қордың (ГЭФ) қолдауымен іске асырылып жатқан GCIP-Kazakhstan 2025 бағдарламасы аясында өтті.

Брокерлік алаң экологиялық шешімдер әзірлеушілерін, мемлекеттік органдар, бизнес, сарапшылық қауымдастық және инвестор өкілдерін біріктіріп, Астана мен Ақмола облысының орнықты дамуына бағытталған күн тәртібін қалыптастыруға арналды.

Сессияның мақсаты – өңірдің негізгі экологиялық сын-қатерлеріне жауап бере алатын инновациялық технологияларды коммерцияландыруға және енгізуге жәрдемдесу. Жоба басталғанға дейін ұйымдастырушылар мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдерімен кең көлемді консультациялар өткізіп, нәтижесінде төрт басым бағыт айқындалды:

  • Атмосфералық ауаны тазарту және ластану деңгейін төмендету;
  • Су ресурстарын ұтымды басқару, оның ішінде қайталама пайдалану және цифрлық есепке алу;
  • Қалдықтарды қайта өңдеу және олардың көлемін азайту;
  • Қалалық ортаны көгалдандыру және Астананың климаттық төзімділігін арттыру.

Әр бағыт бойынша шешімдер ұсынған стартаптар іріктеліп, барлығы 16 жоба өз идеяларын технологиялық питчтер форматында таныстырды. Сонымен қатар, B2B және B2S форматтарында келіссөздер, Investor Connect сессиясы және жасыл инновациялар саласындағы стартаптарды ауқымдандыру мен әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бойынша шеберлік сабақтары өтті.

Іс-шара Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан және елдегі экологиялық жағдайды түбегейлі жақсартуға бағытталған «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасымен үндеседі. Қарқынды дамып жатқан мегаполис ретінде елорда келесі өткір мәселелерге тап болып отыр:

  • Күніне 500 000-нан астам автокөлік ауа сапасына қысым түсіреді, қоғамдық көлік үлесі 20%-дан төмен;
  • Қатты тұрмыстық қалдықтар көлемі жылына 300 000 тоннадан асады, оның тек төрттен бірі ғана қайта өңделеді;
  • Урбанизация қарқыны жүйелі көгалдандыру мен орнықты қалалық орта құруды талап етеді;
  • Жыл сайын 3 млн м²-ден астам тұрғын үйдің салынуы жасыл стандарттар мен энергия үнемдейтін технологияларды енгізу қажеттілігін туындатады.

Іс-шара аясында ұсынылған шешімдердің басым бөлігі су есебін цифрландыруға, қалдықтарды қайта өңдеуге, экологиялық мониторингке, энергия үнемдеуге және климаттық бейімделуге арналды. Брокерлік сессия барысында министрліктердің, қалалық әкімдіктердің, коммуналдық қызметтер мен жеке сектордың өкілдері сөз сөйлеп, өз қажеттіліктерін атап көрсетіп қана қоймай, жаңа шешімдерді сынақтан өткізуге және енгізуге дайын екендіктерін білдірді.

Іс-шараны аша отырып, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев атап өтті:
«Біздің ортақ мақсатымыз – экологиялық шешімдерді нүктелі түрде енгізу емес, адамдардың өмір сапасын арттыратын, қоршаған ортаға жүктемені азайтатын және технологиялық дамудың жаңа бағытын айқындайтын жүйелі өзгерістер жасау».