Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының өңірдің өнеркәсіп секторына ең үздік қолжетімді техникаларды (ЕҚТ) енгізу мәселелеріне арналған жұмыс кездесуі өтті.
Мегаполистегі экологиялық жағдайға баса назар аудара отырып, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен әкімдік тұрақты өндірістік практикаға көшуге бағытталған бірқатар жүйелі шараларды жүзеге асыру жөнінде бастамашылық етті.
Негізгі бастамалардың бірі – қаланың жетекші кәсіпорындарында кешенді технологиялық аудиттер (КТА) өткізу. Бұл аудиттер іс жүзінде өнеркәсіптік объектілердің ағымдағы экологиялық жүктемесін бағалауға, күрделі тұстарын айқындауға және ЕҚТ-ға көшу жолдарын белгілеуге мүмкіндік береді.
Аудит нәтижелерінің негізінде Алматының өнеркәсіптік кластерлерінің ерекшелігін көрсететін бірқатар жаңа салалық ЕҚТ анықтамалықтары әзірленеді.
Бұған дейін Қазақстанда adilet.zan.kz. базасында тіркелген 20 ЕҚТ бойынша анықтамалық ресми түрде бекітілді. Бұл құжаттар экономиканың басым салаларында орнықты экологиялық жаңғыртудың заңдық және техникалық негізіне айналды.
Алматы қаласының өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметіне қатысты, бекітілген 20 анықтамалыққа қосымша мынадай бағыттар бойынша жаңа ЕҚТА жобалары әзірленеді:
- «Тамақ өнімдері, сусындар, сүт және сүт өнімдерінің өндірісі»
- «Шыны, керамикалық бұйымдар өндірісі»
- «Тоқыма талшықтарын бояу, тоқыма өнімдерін ағарту, бояу».
ЕҚТ анықтамалықтары кәсіпорындарға қоршаған ортаның компоненттеріне теріс әсерді барынша азайта отырып, ең үздік экологиялық шешімдер санатына өтуге мүмкіндік береді.
«Алматы – ең үздік экологиялық шешімдерді іс жүзінде енгізуге кірісетін алғашқы қалалардың бірі. Бұл – өңір үшін орнықты болашақты қамтамасыз етуге бағытталған жергілікті биліктің стратегиялық көзқарасы мен саяси жігерін растайды», — деді Дархан Сатыбалды.
Қабылданған шаралар бейінді ведомстволармен және сараптамалық қоғамдастықпен белсенді өзара іс-қимыл жасай отырып, «Таза Қазақстан» мемлекеттік стратегиясы шеңберінде іске асырылады. Алматы әкімдігі ластануды азайту, заманауи технологияларды енгізу және мегаполис тұрғындары үшін қолайлы экологиялық орта құру жұмыстарын жалғастыра бермек.