Стамбулда Cleantech Days 2025 аясында жоғары деңгейлі кездесу өтті: Қазақстан мен ЮНИДО жасыл ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады

Стамбулда Cleantech Days 2025 аясында жоғары деңгейлі кездесу өтті: Қазақстан мен ЮНИДО жасыл ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады

Стамбул, 2025 жылғы 2 қыркүйек – Стамбулда өткен Cleantech Days 2025 халықаралық конференциясы шеңберінде Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы (ХЖТИЖО) және Біріккен Ұлттар Ұйымының (ЮНИДО) басшыларының қатысуымен жоғары деңгейлі кездесу өтті.

Кездесуге ЮНИДО Бас директоындың орынбасары және Техникалық ынтымақтастық және орнықты өнеркәсіптік даму директоратының басқарушы директоры Цийонг Зоу, ЮНИДО Энергетика және климаттық іс-қимылдар департаментінің директоры Рана Гоним, Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрлан Құрмалаев және ХЖТИЖО Басқарма төрағасы Сәкен Қалқаманов қатысты.

Талқылаудың негізгі тақырыбы Қазақстанда Global Cleantech Innovation Programme (GCIP) бағдарламасын іске асыру нәтижелері болды. ЮНИДО қолдауымен жүзеге асырылып жатқан бағдарлама үш жыл ішінде айтарлықтай прогреске қол жеткізді: экологиялық стартаптардан 600-ге жуық өтінім келіп түсті, олардың 100-ден астамы акселерациядан өтті, тартылған инвестициялар көлемі 6 миллион доллардан асты. Бұдан басқа, қатысушылар жобалары парниктік газдар шығарындыларын азайтуға және «жасыл» шешімдерді ілгерілетуге елеулі үлес қосты.

Кездесуге қатысушылар ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективаларына ерекше назар аударды. ЮНИДО басшыларының алдағы уақытта Қазақстанда өтетін GCIP Ұлттық форумына, сондай-ақ 2026 жылы өтетін Өңірлік экологиялық саммитке қатысуы талқыланды. Бұл саммит мемлекетаралық диалог үшін, алдыңғы қатарлы климаттық шешімдерді көрсету және трансшекаралық серіктестікті нығайту үшін негізгі халықаралық алаңға айналуы тиіс.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар стратегиялық өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға жоғары қызығушылық танытты. Қазақстанның, ЮНИДО-ның және басқа да халықаралық әріптестердің күш-жігерін біріктіру өңірдің орнықты дамуына берік негіз болып, экологиялық инновацияларды енгізуді ынталандыратыны және Орталық Азия ауқымында және одан тыс жерлерде климаттық мақсаттарға қол жеткізуге ықпал ететіні атап өтілді.