АСТАНА - Жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар халықаралық орталығы (IGTIC) «Қазгидромет» РМК-мен және ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетімен бірлесіп, Lihe Technics компаниясының (ҚХР) атмосфералық ауа сапасына мониторинг жүргізетін инновациялық технологияларын енгізу бойынша пилоттық жоба шеңберінде бірқатар көшпелі іс-шаралар өткізді.
Басты мақсат – нақты уақыт режимінде ауаның жай-күйі туралы деректерді автоматты түрде жинауды және беруді қамтамасыз ететін жаңа жабдықты орнату үшін алаңдарды айқындау. Мұндай жүйе қоршаған ортаны қорғау саласында бақылаулардың дәлдігін және шешімдер қабылдаудың жеделдігін арттырады.
Жұмыс барысында IGTIC, Қазгидромет және Lihe Technologies өкілдері ауаның ластануын бақылайтын үш пункт пен бір метеостанцияны тексерді. Қытайлық мамандар жабдықтарды дұрыс орнату үшін техникалық тексеру және бағалау жүргізді.
Астана қаласының Экологиялық реттеу және бақылау комитеті мен Экология департаментінің қолдауымен делегация «Астана Су Арнасы» МКК және «Астана Энергия» АҚ өндірістік нысандарында болып, ластау көздеріне шығарындыларды бақылау жүйесін орнату мүмкіндігін талқылады.
Пилоттық жоба экологиялық мониторингтің ашықтығын арттыруға және «жасыл» технологияларды енгізу саласында халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Болашақта Lihe Technologies жабдығын Қазгидромет, Астана Су Арнасы және Астана Энергия объектілерінде орнату жоспарда тұр.