БҰҰ Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы (COP30) тараптарының 30-шы конференциясы аясында Қазақстан декарбонизация жобаларына инвестициялар тартуға арналған бірегей ұлттық платформаны – Жасыл технологиялар сервистік операторының моделін ұсынды.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығымен (IGTIC) бірлесіп ұйымдастырған «Көміртексіздендіруді инвестициялау: Жасыл технологиялардың сервистік операторы – қазақстандық моделі және өңірлік перспективалар» атты арнайы іс-шарада БҰҰ, халықаралық қаржы институттары, донорлық ұйымдар және жеке сектордың өкілдері бас қосты.
Айдар Есембаев, IGTIC Технологияларды коммерцияландыру жөніндегі құзыреттер орталығының басшысы, өз сөзінде былайша тоқталып өтті:
«Біз өршіл мақсаттарымызды іске асырғалы жатырмыз. Қазақстан көміртексіздендіруді инвестициялауға дайындайтын практикалық құрал жасады. Экология кодексінде бекітілген сервистік оператор жобаларды халықаралық қаржыландыру көздерімен байланыстыратын «бір терезе» рөлін атқарады».
Модель мынадай екі негізгі элементті қамтиды:
- ең үздік қолжетімді техникалар (ЕҚТ) стандарттарын енгізу, кәсіпорындарды жаңғыртуды ынталандыратын анықтамалықтар мен экологиялық талаптарды әзірлеу арқылы – сұранысты қалыптастыру;
- акселерациялық бағдарламалар (GCIP-ді қоса алғанда), стартаптарды қолдау, сондай-ақ жасыл технологиялар тізілімін жүргізу арқылы – ұсынысты қалыптастыру.
Болашақта ЕҚТ Орталық Азиялық бюросын және Жасыл акселерация өңірлік орталығын құра отырып, модельді өңірлік деңгейде кеңейту көзделген.
Ең басты анонс – 2026 жылғы сәуірде Қазақстанда өтетін Өңірлік экологиялық саммитке (RES-2026) қатысуға шақыру болды. Саммит Орталық Азия елдерінің экологиялық жобаларын таныстыру, инвестициялар тарту, технологиялар трансферті және климаттық серіктестікті қалыптастыру үшін маңызды тұғырнама болады. Саммиттің негізгі оқиғасы жаңартылатын энергетика, айналмалы экономика, су ресурстары және «жасыл» қаржыландыруға арналған халықаралық көрме болмақ.
Іс-шара Корея Республикасының Климат, энергетика және қоршаған орта министрлігінің қолдауымен Корея павильонында өтті. Панельдік сессияның спикерлері арасында – Жасыл климат қорының (GCF), ЕҚДБ, БҰҰ ЕЭК, Қазақстанның Даму банкінің және басқа да стратегиялық серіктестердің өкілдері бар.
Презентация Орталық Азиядағы жасыл технологиялар мен орнықты даму саласындағы бірлескен инвестициялық тетіктерді қалыптастыруға ашық үндеумен аяқталды.




