2026 жылғы 22-24 сәуір аралығында Астанада жасыл технологиялар мен тұрақты шешімдерге арналған халықаралық RES 2026 EXPO көрмесі аясында өтетін Өңірлік Эко Фильм Фестиваліне қатысуға өтінім қабылдау басталды. Фестиваль Орталық Азиядағы тұрақты даму саласындағы ең ірі кәсіби алаң саналатын көрменің мәдени бағдарламасының маңызды бөлігіне айналып, мәдениет қайраткерлері, экологтар, сарапшылар қауымдастығы мен мемлекеттік сектор өкілдері арасындағы кәсіби диалог алаңын қалыптастыруды көздейді.
Фестиваль бағдарламасына қатысуға Орталық Азия елдері мен басқа өңірлердің режиссерлері, продюсерлері және авторлары шақырылады. Қатысу үшін экологиялық тақырыптағы деректі, қысқаметражды және анимациялық фильмдер қабылданады.
Фильмдер келесі негізгі тақырыптарды қамтуы тиіс:
- климаттың өзгеруі
- су ресурстарын ұтымды пайдалану
- биоалуантүрлілікті сақтау
- ESG-трансформация және тұрақты даму
Өтінімдер мен фильмдер ecofilmfest@res2026expo.kz электрондық поштасына қабылданады.
Фестивальдің басты миссиясы – Орталық Азияның бірегей табиғи экожүйелерін, өңірдегі өзекті экологиялық сын-қатерлерді және қоғамның қоршаған орта өзгерістеріне бейімделу тәжірибесін визуалды өнер арқылы көрсету. Сонымен қатар фестиваль табиғи ресурстарға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруды мақсат етеді.
Фестиваль бағдарламасы RES 2026 EXPO көрмесінің іскерлік және мәдени күн тәртібімен үйлестірілген. Фильмдердің тизерлері мен көрсетілімдері, сондай-ақ ашық пікірталастар көрменің Орталық сахнасында, арнайы медиа-платформаларда және Астана қаласының кинотеатрларында өтеді. Көрсетілімдерден кейін режиссерлердің, экологтардың және салалық сарапшылардың қатысуымен сұрақ-жауап сессиялары ұйымдастырылады. Іріктеу барысында тақырыптың өзектілігі, көркемдік деңгейі, авторлық көзқарастың ерекшелігі және ағартушылық маңызы негізгі критерийлер ретінде қарастырылады. Шараға халықаралық және өңірлік киноиндустрия сарапшыларын, киноакадемия өкілдерін және Орталық Азия продюсерлерін тарту жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Халықаралық RES 2026 EXPO көрмесіне 30 елден 300-ден астам компания, 1500-ден астам делегат және 20 мыңға жуық кәсіби келуші қатысады деп күтілуде. Көрме тұрақты даму мәселелерін талқылауға арналған өңірдегі негізгі кәсіби алаңдардың біріне айналмақ.
RES 2026 туралы толық ақпарат: https://res2026.kz/
Халықаралық RES 2026 EXPO көрмесіне қатысу мәселелері бойынша: partnership@res2026expo.kz
