Астанада Орталық Азияның климаттық стартаптарына  арналған акселератор басталды

Астанада Орталық Азияның климаттық стартаптарына арналған акселератор басталды

Бүгін Астанада RES 2026 EXPO халықаралық экологиялық және жасыл технологиялар көрмесі аясында ұйымдастырылған климаттық инновацияларды дамытуға арналған өңірлік қарқынды бағдарлама — Eco Startup Competition Central Asia 2026 акселерациялық бағдарламасы өз жұмысын бастады.

Бағдарламаны Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ (IGTIC) ұйымдастырып отыр.

Бағдарламаға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан 15 стартап іріктелді. Жобалар жасыл экономиканың басым бағыттарын қамтиды: жаңартылатын энергия және энергия тиімділігі, қалдықтарды басқару және айналым экономикасы, климатқа орнықты ауыл шаруашылығы мен су технологиялары, жасыл құрылыс пен таза көлік, климатқа арналған цифрлық және мониторингтік шешімдер, декарбонизация және таза технологиялар.

Үш күндік интенсив 20-22 сәуір аралығында Hampton by Hilton Astana Triumphal Arch қонақүйінде өтуде.

Акселерация барысында командалар Таза технологиялар саласындағы жаһандық инновациялар бағдарламасының (GCIP) жетекші менторларымен — бұл Ғаламдық экологиялық қор (ГЭҚ) мен ЮНИДО-ның флагмандық бағдарламаларының бірі — сондай-ақ коммерцияландыру және өзін таныстыру бағытындағы салалық сарапшылармен жұмыс істейді. Бағдарлама офферді қалыптастыру және алғашқы сатылымдарға шығу, бизнес-модель мен нарыққа шығу стратегиясын әзірлеу, unit-экономика мен маркетинг, гранттар, инвесторлар және халықаралық бағдарламалар арқылы қаржыландыру тарту, сондай-ақ жобаның климаттық әсерін бағалау секілді негізгі бағыттарды қамтиды.

Финал — 23 сәуірде «EXPO» ХКO басты сахнасында

23 сәуірде Астанада, «EXPO» ХКО басты сахнасында, Eco Startup Competition Central Asia финалы өтеді. Бұл  RES 2026 EXPO халықаралық көрмесінің іскерлік бағдарламасындағы негізгі оқиғалардың бірі. Байқау 09:00-ден 12:00-ге дейін Demo Day форматында ұйымдастырылады.

Eco Startup Competition Central Asia жеңімпаздарын марапаттау рәсімі 23 сәуір күні сағат 18:00-де «EXPO» ХКО бас сахнасында өтеді.

Eco Startup Competition Central Asia байқауы RES 2026 EXPO аясында өткізіліп, өңірдегі климаттық стартаптарды дамыту мен қолдауға бағытталған.