Қазақстан ерікті көміртек нарығының инфрақұрылымын қалыптастыру жолында жаңа қадам жасады. Бұл тжөнінде Катар Мемлекетінің Global Carbon Council (GCC) мен Қазақстанның Qazaq VCM Alliance арасында ерікті көміртек нарығын (VCM) дамытуға және Париж келісімінің 6-бабында көзделген тетіктерді іске асыруға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою барысында мәлім болды. Құжатқа Qazaq VCM Alliance төрағасының міндетін атқарушы Әлімжан Сайлыбаев пен Global Carbon Council ұйымының негізін қалаушы төрағасы, доктор Юсеф Бин Мохамед Альхорр қол қойды. Меморандумға қол қою рәсіміне куәгер ұйым ретінде «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КеАҚ (IGTIC) басшылығы қатысты.
Келісім тараптар арасындағы практикалық ынтымақтастықты дамытуға, соның ішінде білікті мамандар даярлауға, көміртек нарығы саласындағы ұлттық сараптамалық әлеуетті арттыруға және Қазақстанда пилоттық жобаларды іске қосуға қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.
Қол жеткізілген уағдаластықтар аясында GCC қазақстандық мамандарды Carbon Market Infrastructure (CMI) жүйесімен жұмыс істеуге және GCC стандарттарын қолдануға оқытуға дайын екенін білдірді. Ынтымақтастықтың жеке бір бағыты – қазақстандық валидация және верификация органдарын даярлау. Бұл ретте олардың болашақта GCC бағдарламасы аясында аккредиттелуіне мүмкіндік қарастырылады.
Сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттік қызметшілеріне ерікті көміртек нарығы, Париж келісімінің 6-бабы және шығарындылар саудасы жүйелері бойынша оқыту жүргізу көзделген.
Ынтымақтастықтың практикалық нәтижелерінің бірі – Қазақстанның көміртек нарығына тәуелсіз көміртек тізілімі ретінде көміртек жобаларын басқаруға арналған CMI жүйесін ұсыну.
Тараптар ынтымақтастықтың келесі кезеңіне өтіп, Қазақстанда ерікті көміртек нарығының пилоттық жобаларын іске қосуға ниетті екенін де атап өтті.
Меморандумға қол қою Қазақстандағы ерікті көміртек нарығының институционалдық инфрақұрылымын қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстың жалғасы болды. Бұған дейін, 2026 жылы Qazaq VCM Alliance Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігімен өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Құжатқа сәйкес, қауымдастық Қазақстанда ерікті көміртек нарығын дамыту жөніндегі министрліктің серіктесі ретінде айқындалды.
IGTIC меморандумға қол қою рәсіміне куәгер ұйым ретінде қатысып, құзыреттерді дамыту және практикалық ынтымақтастық, оның ішінде VCM-нің пилоттық жобаларына ықтимал қатысу мәселелері бойынша GCC және Qazaq VCM Alliance тараптарымен одан әрі диалогты жалғастыруға дайын екенін растады. Алдағы өзара іс-қимылдың нақты шарттары, тетіктері мен форматы кейінгі кезеңдерде тараптардың келісімімен айқындалады.
Ерікті көміртек нарығын дамыту Қазақстанға климаттық қаржыландыруды тарту, шығарындыларды азайту және көміртекті сіңіру көлемін ұлғайту жөніндегі жобаларды іске асыру, сондай-ақ қазақстандық климаттық бастамаларды халықаралық көміртек инфрақұрылымына кіріктіру үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.




