БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ
Қазақстанда халықаралық инвестицияларды тарту үшін басым климаттық технологиялар айқындалады

Қазақстанда экономиканың негізгі салаларына халықаралық инвестициялар тартуға мүмкіндік беретін басым климаттық технологиялар анықталады. Бұл бағыттағы жұмыстар технологиялық қажеттіліктерді бағалау (Technology Needs Assessment, TNA) жобасы аясында жүргізілуде. Жобаны Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен (АИИБ), БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының Копенгаген климат орталығымен (UNEP-CCC) және Қазақстандағы бағдарламаның ұлттық үйлестірушісі болып табылатын «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ-мен (IGTIC) бірлесіп жүзеге асыруда.
Жобаның аралық нәтижелері, оның ішінде салалық технологиялық іс-қимыл жоспарлары (TAP) мен инвестициялар тартуға арналған жобалық ұсыныстар портфелі Астанада өткен «Қазақстандағы технологиялық қажеттіліктерді бағалау (TNA): технологиялық басымдықтардан іске асыру мен инвестицияларға дейін» атты халықаралық семинарда талқыланды. Бағдарлама аясында үш негізгі басым бағыт айқындалды: энергетика, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ қалалық және айналымды экономика.
Бағдарламаның маңызды серіктестерінің бірі – бастаманың инвестициялық бағытын дамытуға қолдау көрсететін Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі. Банктің қатысуы іріктелген технологиялық шешімдерді іс жүзінде іске асыру және оларды қаржыландыру мүмкіндіктері тұрғысынан қарастыруға жол ашады.
Семинар барысында климаттық бастамаларды қаржыландыру мүмкіндіктері таныстырылды. Перспективалы бағыттар қатарында жасыл инфрақұрылымды дамыту, өнеркәсіпті декарбонизациялау, жаңартылатын энергия көздері мен тұйық циклді жүйелерді енгізу, сондай-ақ кедергілерді талдау нәтижелері мен басым секторлар бойынша әзірленген технологиялық іс-қимыл жоспарлары ұсынылды. Аталған құжаттар климаттық технологияларды енгізуге кедергі келтіретін реттеушілік, қаржылық және техникалық мәселелерді шешу жөніндегі шараларды қамтиды. Оларды іске асыру экономиканың түрлі салаларын жаңғыртуға және экологиялық таза шешімдерді кеңінен қолдануға қолайлы жағдай қалыптастыруға ықпал етеді.Жұмыстың жеке кезеңі ретінде одан әрі пысықтауға және қаржыландыру көздерін іздеуге арналған жобалық ұсыныстар портфелі таныстырылды. Алдағы уақытта бұл бастамалар Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (АИИБ), Жасыл климат қоры (ЖКҚ), Қазақстанның Даму Банкі және басқа да халықаралық қаржы серіктестерінің қатысуымен инвестициялық жобаларды әзірлеуге негіз бола алады.
Талқылаудың тағы бір бағыты TNA жобасының нәтижелерін 2026–2027 жылдарға арналған Жасыл климат қорының (ЖКҚ) Readiness III бағдарламасы аясында Қазақстанның климаттық инвестициялық платформасын құру жұмысымен үйлестіру болды.Платформа хатшылығын «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ (IGTIC) базасында орналастыру жоспарланып отыр. Платформа Қазақстанның жаңартылған Ұлттық деңгейде айқындалатын үлесін (ҰАҮ) іске асыруға, сондай-ақ 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын жүзеге асыруға ықпал етуге бағытталған. Сонымен қатар ол климаттық бастамаларды қаржыландыруға дайындау үшін қажетті жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.
Екі бастаманың өзара сабақтастығы климаттық шешімдерді кезең-кезеңімен ілгерілетуге мүмкіндік береді. Бұл үдеріс технологиялық қажеттіліктерді айқындау мен іс-қимыл жоспарларын әзірлеуден бастап, халықаралық қаржы институттарының талаптарына сәйкес келетін инвестициялық жобаларды қалыптастыруға дейінгі кезеңдерді қамтиды.
Осылайша, TNA жобасы Қазақстанда климаттық технологияларды жүйелі түрде дамытуға негіз қалайды. Жоба нәтижелері экономиканың басым салаларын технологиялық жаңғыртуға, жасыл инвестициялар тартуға және климаттық күн тәртібі аясындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етуге бағытталған.








