БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

ҚАЗАҚСТАН COP31 КОНФЕРЕНЦИЯСЫНДА КЛИМАТТЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛАР ТАРТАТЫН БІРЫҢҒАЙ ПЛАТФОРМАНЫ ҰСЫНАДЫ


ЖАРИЯЛАНҒАН: 10.11.2026
БӨЛІСУ:
← Барлық жаңалықтар

10 қарашада БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының     31-конференциясы (COP31) аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық павильонында Қазақстанның климаттық инвестициялар тарту жөніндегі елдік платформасының (QCIP) құрылымы таныстырылады. QCIP – мемлекеттік органдарды, халықаралық қаржы институттарын, климаттық қорларды, инвесторлар мен жобаларды әзірлеушілерді біріктіретін, климаттық қаржыландыруды үйлестіру мен тартуға бағытталған ұлттық тетік.

Платформа климаттық басым жобалар портфелін қалыптастыруға, олардың инвестициялық тартымдылығы мен іске асыруға дайындық деңгейін арттыруға, сондай-ақ ішкі және халықаралық капитал тартуға бағытталған.

Платформа Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігінің басшылығымен жұмыс істейді. Министрлік ұлттық уәкілетті орган ретінде айқындалған, ал оның хатшылығы «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» (IGTIC) базасында орналасады. QCIP экономиканың барлық салаларын қамтиды және басым бастамалар портфелін қалыптастыру, жобалардың инвестициялық дайындық деңгейін арттыру және қаржыландыру тарту мақсатында мемлекеттік органдарды, халықаралық қаржы институттарын, климаттық қорларды, инвесторлар мен жобаларды әзірлеушілерді бір алаңға біріктіреді.

QCIP платформасының салалық бағыттарының бірі – бүгін іске қосылатын Қазақстанның Әділетті энергетикалық көшу жөніндегі инвестициялық платформасы (QaJET). Оны Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) қолдауымен әзірлеп жатыр. Платформаның мақсаты – 2035 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің қуатын кемінде 10 ГВт-қа дейін жеткізу, сондай-ақ электр желілерін жаңғырту, энергия жинақтау жүйелерін дамыту және энергияны түпкілікті тұтынушыларды электрлендіруді қамтамасыз ету.

Іс-шараны ұйымдастырғандар – Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» (IGTIC) және Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ).

Іс-шара аясында екі меморандумға қол қою жоспарланып отыр. Бірінші меморандум QCIP шеңберінде «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» мен Қазақстанның Даму Банкі арасындағы ынтымақтастықты көздейді. Екінші құжат Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен ЕҚДБ бастаған QaJET платформасының әріптестері арасындағы серіктестікті бекітеді. Аталған меморандумға қол қою платформаның ресми түрде іске қосылғанын білдіреді.

QCIP платформасының іске қосылуы Қазақстанның климаттық міндеттемелерді нақты инвестициялық жобалар арқылы іске асыруға көшуіндегі, халықаралық әріптестікті кеңейту және төмен көміртекті экономиканы дамытуға жеке капитал тарту жолындағы маңызды қадамы болмақ.