БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ
COP31 Президенттің жұбайы Қазақстанның Ұлттық павильонына жоғары баға берді

БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясы (COP31) Президентінің жұбайы Шенгюль Курум Анталья қаласындағы Қазақстанның Ұлттық павильонына жоғары баға беріп, еліміздің экологиялық бастамаларына, дәстүрлі қазақ қолөнеріне және биоалуантүрлілікті сақтау жобаларына ерекше қызығушылық танытты. Павильонға экскурсияны «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» Басқарма төрағасы Сәкен Қалқаманов жүргізді. Ол қонаққа экспозицияның негізгі бағыттарын таныстырып, Қазақстанның экологиялық және табиғатты қорғау жобалары туралы ақпарат берді.
Шенгюль Курум отандық ауыл шаруашылығы өнімдерімен, Zero Waste тұжырымдамасы аясындағы бастамалармен, сондай-ақ тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіру жобасымен танысты. Орталықтың Басқарма төрағасы қонаққа дәстүрлі қазақ өнері арқылы ресурстарды ұтымды пайдалану мен Zero Waste («Қалдықсыз өндіріс») тұжырымдамасының заманауи қағидаттарын бейнелейтін «Құрақ көрпе» арт-инсталляциясы туралы әңгімелеп берді.
Арт-инсталляция COP31 Президентінің жұбайы Шенгюль Курумның ерекше қызығушылығын тудырды. Ол дәстүрлі қазақ құрақ көрпесінің тарихы мен символдық мәнімен танысып қана қоймай, құрақ көрпе жасау бойынша шеберлік сабағына зор ықыласпен қатысып, осы көне қолөнер түрін өз қолымен жасап көруге мүмкіндік алды. Әрбір мата қиындысына қайтадан жан бітіретін бұл өнер – қазақ халқының табиғи ресурстарды қадірлеп, ұқыпты пайдалануын, ысырапшылдыққа жол бермей, тұтыну мәдениетін сақтағанын ғасырлар бойы айғақтап келе жатқан дәстүр.
Экспозициямен танысу барысында қонақ Қазақстанның қалдық көлемін азайту, оларды қайта пайдалану және ресурстарды ұтымды басқару бағытындағы практикалық нәтижелері мен тәсілдері туралы егжей-тегжейлі сұрастырды. Сонымен қатар, Шенгюль Курум павильонда ұсынылған отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінен дәм татты.
Тұран жолбарысын табиғи ортасына қайта жерсіндіруге арналған интерактивті экспозиция да ерекше қызығушылық тудырды. Оның жасанды интеллект негізінде әзірленген цифрлық гидтері – Амур мен Үміт атты екі жолбарыс. Олар халықаралық қонақтарға Қазақстанның экологиялық бастамалары, табиғатты қорғау бағдарламалары мен технологиялық жобалары туралы бірнеше тілде ақпарат береді.
Сәкен Қалқаманов қонаққа Іле-Балқаш өңірінде тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіру жұмыстары туралы да баяндап, жобаның табиғи экожүйелерді қалпына келтіру және Орталық Азияның биоалуантүрлілігін сақтау үшін маңызын атап өтті. Әңгіме барысында Шенгюль Курум таныстырылған бастамаларға жан-жақты қызығушылық танытып, жаңа тәсілдермен танысуға, озық тәжірибелерді зерделеуге және табиғатты қорғаудың тиімді шешімдерін енгізуге мүмкіндік беретін халықаралық тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.
COP31 аясында ашылған Қазақстанның Ұлттық павильоны еліміздің экологиялық жетістіктерін, заманауи жасыл технологияларын және инвестициялық жобаларын таныстыруға арналған халықаралық алаңға айналды. Қазақстанның конференцияға қатысуы аясында инвестициялық сипаттағы 34 құжатқа қол қойылды. Сонымен қатар павильон алаңында 38 тақырыптық іс-шара өткізу жоспарланған.
COP31 Президентінің жұбайының Қазақстанның Ұлттық павильонына келуі еліміздің экологиялық жетістіктерін халықаралық қауымдастыққа таныстыруға, ұлттық мәдени мұрамызды кеңінен дәріптеуге және орнықты даму саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға тағы бір мүмкіндік берді.