БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ
Түркияның вице-президенті COP31 аясындағы Қазақстанның Ұлттық павильонына жоғары баға берді

Түркия Вице-президенті Джевдет Йылмаз Анталья қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында Қазақстанның Ұлттық павильонына барды. Ол елдің экологиялық бастамаларына, жасыл технологияларына және табиғатты қорғау жобаларына арналған экспозициямен танысып, жоғары бағасын берді. Павильонға экскурсияны «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» басқарма төрағасы Сәкен Қалқаманов жүргізді. Ол Қазақстанның орнықты даму саласындағы негізгі жұмыс бағыттарын таныстырып, еліміздегі маңызды табиғат қорғау жобаларының бірі туралы баяндап берді.
Бұған дейін Қазақстанның Ұлттық павильонына COP31 Президентінің жұбайы Шенгюль Курум да келіп, қазақ халқының дәстүрлеріне, Zero Waste тұжырымдамасына және биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі бастамаларға ерекше қызығушылық танытты.
Сәкен Қалқаманов Түркия Вице-президентін Қазақстанның орнықты даму, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және заманауи экологиялық шешімдерді енгізу саласындағы жетістіктерін көрсететін экспозицияның негізгі бағыттарымен таныстырды. Елдің жасыл экономиканы дамытуға және табиғи мұраны сақтауға бағытталған практикалық бастамаларына баса назар аударылды.
Таныстырылған жобалардың бірі – Іле-Балқаш өңірінде тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіру бағдарламасы. Жоба туралы баяндау барысында «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының» Басқарма төрағасы павильонның цифрлық гидтері – тұран жолбарыстарының бейнесінде берілген Амур мен Үмітті таныстырды. Жасанды интеллект технологияларының көмегімен олар халықаралық келушілерге Қазақстанның табиғатты қорғау бағдарламалары, экологиялық бастамалары мен технологиялық шешімдері туралы бірнеше тілде ақпарат береді.
Қонақтарға тұран жолбарысын табиғи ортаға қайта жерсіндірудің стратегиялық маңызы, табиғи экожүйелерді қалпына келтіру және Орталық Азияның биоалуантүрлілігін сақтауға қажетті жағдайлар жасау жөнінде ақпарат берілді. Іле-Балқаш өңіріндегі бұл жоба Қазақстанның табиғатты қорғау саясатының маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
COP31 аясында ашылған Қазақстанның Ұлттық павильоны еліміздің экологиялық жетістіктерін, заманауи жасыл технологиялары мен инвестициялық жобаларын таныстыруға арналған халықаралық алаңға айналды. Қазақстанның конференцияға қатысуы аясында инвестициялық сипаттағы 34 құжатқа қол қойылды. Сонымен қатар павильон алаңында 38 тақырыптық іс-шара өткізу жоспарланған.
Халықаралық қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырған нысандардың бірі – дәстүрлі қазақ қолөнері мен тұтынудың орнықты қағидаттарын және Zero Waste – «Қалдықсыз өмір» тұжырымдамасын өзара сабақтастыратын «Құрақ көрпе» арт-инсталляциясы. Дәстүрлі құрақ құрау өнері арқылы әрбір мата қиындысына екінші өмір сыйлап, ресурстарды ұқыпты пайдалану философиясы бейнеленеді.
COP31 Президентінің жұбайы Шенгюль Курум экспозицияға жоғары баға беріп қана қоймай, «Құрақ көрпе» бұйымын жасау бойынша шеберлік сабағына да қызығушылықпен қатысты. Сондай-ақ павильонда ұсынылған отандық ауыл шаруашылығы өнімдерімен танысып, Қазақстанның қалдықтарды азайту, оларды қайта пайдалану және ресурстарды ұтымды пайдалану жөніндегі тәсілдері туралы жан-жақты мәлімет алды.
Түркия басшылығы өкілдері мен COP31 Президенті жұбайының Қазақстанның Ұлттық павильонына келуі халықаралық қоғамдастықтың еліміздің экологиялық күн тәртібіне деген жоғары қызығушылығын көрсетеді. Ұлттық павильон еліміздің жетістіктерін таныстыру алаңы ғана емес, сонымен қатар мәдени және кәсіби диалог орнатуға, тәжірибе алмасуға және орнықты даму саласындағы халықаралық ынтымақтастықты ілгерілетуге мүмкіндік беретін кеңістікке айналды.




