БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

Қазақстан COP31 конференциясында 34 инвестициялық келісімді таныстырды


ЖАРИЯЛАНҒАН: 13.11.2026
БӨЛІСУ:
← Барлық жаңалықтар

Бүгін Анталья қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық павильонының ресми ашылу салтанаты өтті. Салтанатты рәсімге Құрылтайдың Аграрлық мәселелер және экология комитетінің төрағасы С. Егізбаев, Халық Кеңесінің мүшелері, Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі А. Қуантыров және Денсаулық сақтау министрі А. Әлназарова қатысты. Ұлттық павильон еліміздің экологиялық жетістіктерін халықаралық деңгейде таныстыруға, жасыл технологияларды ілгерілетуге және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға арналған халықаралық алаңға айналды.

Қазақстанның COP31 конференциясына қатысуы халықаралық әріптестікті нығайтуға, инвестициялар тартуға және орнықты даму саласындағы практикалық шешімдерді ілгерілетуге бағытталған. Қазіргі таңда климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі жаһандық күш-жігер нақты экономикалық жобаларды іске асыруға, технологиялық әріптестікті нығайтуға және жасыл қаржыландыруды кеңейтуге бағытталып отыр.

«Қазақстан үшін COP31 конференциясы ұлттық басымдықтарды таныстыруға, қол жеткізілген нәтижелермен бөлісуге және орнықты болашақты қалыптастыру жолындағы бірлескен шешімдерді әзірлеуге үлес қосуға мүмкіндік береді. Біз бұл алаңды пікір алмасу кеңістігі ретінде ғана емес, ең алдымен, диалогтен нақты іс-қимылдар мен өлшенетін нәтижелерге көшу мүмкіндігі ретінде қарастырамыз», – деді Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров павильонның ашылу салтанатында.

Қазақстан Республикасы Ұлттық павильонының «Заман сабақтастығы: өткен уақыт, бүгін және болашақ» атты тұжырымдамасы елдің табиғи мұрасы мен заманауи технологиялық шешімдер арасындағы сабақтастықты бейнелейді. Аумағы 250 шаршы метрді құрайтын павильон Қазақстан даласының кеңдігі мен ұлан-ғайыр кеңістігін айшықтайтын ашық үлгіде безендірілген.

Павильонның цифрлық гидтерінің бірі ретінде «Үміт» және «Амур» атты тұран жолбарыстарының бейнесіндегі жасанды интеллект ұсынылды. Интерактивті формат халықаралық қонақтарға Қазақстанның экологиялық бастамалары мен технологиялық жобаларын бірнеше тілде  таныстырады.

Экспозиция Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау және табиғи экожүйелерді қалпына келтіру бағытында қол жеткізген нәтижелерін көрсетеді. Негізгі жетістіктер қатарында Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерватында тұран жолбарысын табиғи ортаға қайта жерсіндіру, киік популяциясының санын күрделі кезеңдегі 21 мыңнан рекордтық 4,7 миллион тұяққа дейін жеткізу, сондай-ақ Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру және құрғаған теңіз табанында сексеуіл ормандарын өсіру жұмыстары бар.

Экспозицияның жеке бөлімі заманауи жасыл технологиялар мен экономиканы экологиялық жаңғыртуға арналған. Онда «Орталық Азияның жасыл қалқаны» өңірлік фитомелиорация бағдарламасы, метан шығарындыларын бақылау және оның жылыстауын анықтауға арналған KazMethane MRV ұлттық цифрлық платформасы, өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу технологиялары, сондай-ақ кәсіпорындарға ең үздік қолжетімді техникаларды енгізу жөніндегі жұмыстар көпшіліктің назарына ұсынылған.

Қазақстан Республикасының Ұлттық павильоны келушілерді отандық агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетімен және экологиялық таза өнімдерімен де таныстырады. «Құрақ көрпе» атты арт-инсталляция ресурстарды ұқыпты пайдалану жөніндегі дәстүрлі қағидаттарды Zero Waste (қалдықсыз өндіріс) заманауи тұжырымдамасы арқылы көрсетеді.

Қазақстанның COP31 конференциясына қатысуының маңызды бағыттарының бірі – іскерлік және инвестициялық күн тәртібі. Конференция барысында Ұлттық павильон алаңында мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, бизнес өкілдері мен әріптес құрылымдардың қатысуымен 38 тақырыптық іс-шара өткізу жоспарланған.

Бағдарлама климаттық күн тәртібінің негізгі бағыттарын қамтиды. Олардың қатарында климаттық қаржыландыру, өнеркәсіпті декарбонизациялау, энергетикалық көшу, Париж келісімінің 6-бабы шеңберінде көміртегі нарығын дамыту, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, биоалуантүрлілікті сақтау және инновациялық жасыл технологияларды енгізу бар.

Ұлттық және өңірлік бастамаларды ілгерілетуге баса назар аударылады. Олардың қатарында Қазақстанның климаттық инвестициялық платформасы (QCIP), QaJET бастамасы, Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру, Каспий теңізінің экожүйесін сақтау, шөлейттенуге қарсы күрес және жаңартылатын энергетиканы дамыту бағыттары бар.

«Бүгінде алдымызда климаттық міндеттемелерді нақты жобаларға, инвестицияларға және технологиялық шешімдерге айналдыру жөніндегі ортақ міндет тұр. Қазақстан жаңа әріптестік орнатуға, инвестициялар тартуға және технологиялық ынтымақтастықты дамытуға ашық. Ұлттық павильон Орталық Азия мен жалпы әлемнің орнықты дамуына ықпал ететін жаңа бастамалар мен өзара тиімді әріптестікті дамытуға арналған алаңға айналады деп сенемін», – деп атап өтті министр.

COP31 конференциясы аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық павильонының ашылуы еліміздің халықаралық диалогты дамытуға және климаттық саясат саласындағы әріптестікті нығайтуға дайын екенін көрсетеді. Қазақстан экологиялық міндеттерді технологиялық жаңғырумен және инвестиция тарту мүмкіндіктерімен сабақтастыратын нақты бастамаларды дәйекті түрде жүзеге асырып келеді.

 

Анықтама:

«Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ (IGTIC) – Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне ведомстволық бағынысты ұйым. Орталық жасыл технологияларды ілгерілету, экологиялық жобаларға инвестициялар тарту және орнықты даму саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағытында қызмет атқарады.