БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

Қазақ музыкасы COP31 қонақтарын терең мағынасымен баурап алды: Антальядағы климаттық саммиттің төрінде Құрманғазының күйлері орындалды


ЖАРИЯЛАНҒАН: 13.11.2026
БӨЛІСУ:
← Барлық жаңалықтар

Анталья қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы Тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында қазақтың ұлттық музыкасы мәдени бағдарламаның жарқын көрінісіне айналды. Домбырада орындалған қазақтың белгілі күйлері халықаралық климаттық саммитке қатысушылардың назарын аударып, түрлі елдерден келген қонақтарды сыршылдығымен әрі терең мағынасымен баурап алды.

Музыкалық қойылым Қазақстанның Ұлттық павильоны аумағында емес, ұлттық павильондар орналасқан және ондаған мемлекеттің өкілдері қатысатын іс-шаралар өтетін көрме кешенінің орталық бөлігінде өтті. COP31 конференциясына қатысушы халықаралық делегациялар, сарапшылар мен қонақтар жиналған ортада ұлттық киім киген қазақстандық өнерпаздар қазақтың ұлы композиторы әрі күйші Құрманғазы Сағырбайұлының шығармаларын және басқа да белгілі халық күйлерін орындады.

Халықаралық алаңның дәл ортасында домбыра үні ерекше мәдени көрініске айналды. Қазақ музыкасының қайталанбас болмысы, күйшілердің шебер орындауы мен ерекше атмосферасы көрме кешеніне келген көптеген қонақтың назарын аударды. Келушілер өнерпаздардың өнерін тамашалау үшін аялдап, ұялы телефондарына түсіріп, әрбір күйді зор ықыласпен тыңдап,  қошемет көрсетті.

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлибек Қуантыровтың және Қазақстан делегациясы өкілдерінің қатысуы іс-шараға айрықша мән берді.

Бұл өнер көрсетілімі Қазақстанның мәдени мұрасын халықаралық қауымдастыққа таныстыруға, ұлттық дәстүрлеріміздің байлығын паш етуге және COP31 қонақтарын қазақ халқының музыкалық өнерімен таныстыруға мүмкіндік берді.

Әртүрлі елдер мен мәдениеттердің өкілдерін тоғыстырған халықаралық алаңда домбыра үні өнер тілінің аударманы қажет етпейтінін тағы бір мәрте көрсетті. Музыка арқылы Қазақстан өзінің тарихын, рухани құндылықтары мен ұлттық болмысын танытты.

Қазақстанның Ұлттық павильонының мәдени бағдарламасы COP31 конференциясындағы еліміздің ауқымды таныстырылымының бір бөлігі болып табылады. Онда климаттық бастамалармен, инвестициялық жобалармен және жасыл технологиялармен қатар, ұлттық мұраны дәріптеу мен мәдени болмысты танытуға да ерекше мән беріледі.