БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ
Freedom Holding Corp. Орталық Азияда көміртегі кредиттері мен I-REC сертификаттары нарығын дамыту жөніндегі өз ұстанымын COP31-де таныстырды

Freedom Holding Corp. COP31 конференциясында климаттық тәуекелдерді басқару және парниктік газдар шығарындыларын азайту тәсілдерін таныстырып, сондай-ақ Орталық Азияның климаттық күн тәртібіндегі көміртегі кредиттері мен I-REC сертификаттарының рөлі жөніндегі өз ұстанымын білдірді. Freedom Holding Corp. халықаралық компаниялар тобының ESG департаментінің атқарушы директоры Айнұр Төлегенова БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясы (COP31) аясында өткен сарапшылар пікірталасына қатысты. Өз сөзінде ол Орталық Азия өңірінде көміртегі кредиттері мен жаңартылатын энергия көздерінің сертификаттары (I-REC) нарығын кеңейту үшін шешуді қажет ететін негізгі кедергілер мен жүзеге асыруға қажетті практикалық шараларды атап өтті.
Холдинг өкілінің айтуынша, экологиялық құралдарға деген тұрақты корпоративтік сұранысты қалыптастыру үшін бизнестің өзінің климаттық жетілу деңгейін арттыру қажет. Акциялары Nasdaq биржасында саудаланатын Freedom Holding Corp. прагматикалық әрі кезең-кезеңімен іске асырылатын тәсілді ұстанады: алдымен компания өзінің көміртегі ізін (1 және 2-қамту аяларындағы, 3-қамту аясының елеулі бөлігіндегі шығарындыларды, сондай-ақ кредиттік, инвестициялық және сақтандыру қызметінен туындайтын қаржыландырылатын шығарындыларды қоса алғанда) өлшейді. Одан кейін шығарындыларды тікелей азайту шараларын жүзеге асырады және тек осыдан соң ғана нарықтық құралдарды сатып алу мәселесін қарастырады.
«Біз үшін I-REC сертификаттарын немесе көміртегі кредиттерін сатып алу есептілік көрсеткіштерін жақсарту құралы ғана емес, дәйекті әрі ғылыми негізделген климаттық стратегияның бір бөлігі болуы аса маңызды. Сонымен қатар біз еншілес компанияларымыздың тәуекелдерді басқару жүйелеріне физикалық және өтпелі климаттық тәуекелдерді бағалауды енгіздік және портфельдерге стресс-тестілеу жүргіземіз», – деп атап өтті Freedom Holding Corp. ESG департаментінің атқарушы директоры Айнұр Төлегенова.
Орталық Азиядағы ерікті көміртегі нарығының негізгі түйткілдері туралы сұраққа жауап бере отырып, спикер перспективалы экологиялық бастамалар мен инвестиция тартуға дайын («банкабельді») жобалардың арасындағы алшақтықты атап өтті. Өңірдегі климаттық инвестицияларды жеделдету мақсатында ол мемлекет, бизнес және халықаралық институттардың бірлескен жұмысының үш басым бағытын ұсынды:
- Нақты әрі болжамды нормативтік-құқықтық база: Қазақстанда қалыптасқан негіздерді (Жасыл таксономия мен 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын) көміртегі жобаларын әзірлеу, верификациялау, тіркеу және коммерцияландырудың ашық қағидаларын қалыптастыру бағытында одан әрі дамыту.
- Сапалы жобалар пулын қалыптастыру: Орман және ауыл шаруашылығы салаларындағы, сондай-ақ табиғатқа негізделген шешімдер бағытындағы жобаларды әзірлеушілерге халықаралық стандарттарға сәйкес мониторинг жүйесін қалыптастыруға көмектесу мақсатында техникалық қолдау тетіктерін құру.
- Аралас қаржыландыру тетіктерін дамыту: Ұзақ мерзімді экологиялық тиімділік пен коммерциялық өтелімділік арасындағы алшақтықты еңсеру үшін жеңілдікпен қаржыландыру және тәуекелдерді бөлу құралдарын енгізу. Атап айтқанда, қазіргі уақытта Freedom Bank Kazakhstan Жасыл климаттық қорда (GCF) аккредиттеуден өту рәсімінен өтуде. Бұл алдағы уақытта өңірдің халықаралық климаттық капиталға қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Алдағы 12 айға арналған негізгі практикалық қадам ретінде Айнұр Төлегенова өңір компанияларын қаржы институттарының әдіснамалық қолдауымен парниктік газдар шығарындыларын жүйелі есепке алу жүйелерін енгізуге және климаттық тәуекелдерді бағалауға баса назар аударуға шақырды. Сондай-ақ ол холдингтің Araldy Saqta банк картасы мен Freedom Travel сервисі арқылы жеке клиенттерді климаттық күн тәртібіне тарту жөніндегі табысты тәжірибесін атап өтті. Аталған құралдардан түскен қаражат Арал теңізінің экожүйесін қалпына келтіруге бағытталады.
Компания туралы анықтама:
Freedom Holding Corp. – Орталық Азия, Еуропа және АҚШ нарықтарында бөлшек брокерлік қызметтерді, инвестициялық-банктік, банктік, сақтандыру және цифрлық сервистерді ұсынатын халықаралық қаржы тобы. Компанияның акциялары Nasdaq қор биржасында (тикері: FRHC) саудаланады. Холдинг 2023 жылдан бастап БҰҰ-ның Жаһандық шартының қатысушысы болып табылады.


