БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ
Орталық Азия климаттық инновацияларды дамыту мақсатында Жасыл акселерацияның өңірлік хабын құруды жоспарлап отыр

Орталық Азия елдері климаттық инновацияларды дамытуға, экологиялық стартаптарды қолдауға және таза технологияларды енгізуге бағытталған Жасыл акселерацияның өңірлік хабын құру үшін күш біріктіруді жоспарлап отыр. Бірлескен өңірлік жобаны іске асыру перспективалары БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі 31-конференциясы (COP31) аясында Анталья қаласында өткен «Global Cleantech Innovation Programme: ұлттық жетістіктерді өңірлік климаттық өзгерістерге ұластыру» атты арнайы іс-шарада талқыланды.
Іс-шара Қазақстанның Ұлттық павильонында өтіп, «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ тарапынан Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіптік даму ұйымымен (ЮНИДО) бірлесіп, Жаһандық экологиялық қордың (ЖЭҚ) қолдауымен ұйымдастырылды.
Талқылаудың негізгі өзегі – Қазақстанның Таза технологиялар саласындағы жаһандық инновациялар бағдарламасын (Global Cleantech Innovation Programme, GCIP) іске асырудағы табысты тәжірибесі негізінде климаттық инновациялардың бірыңғай өңірлік экожүйесін қалыптастыру болды. Алдағы ынтымақтастық аясында ортақ жобаны әзірлеу және Орталық Азия елдерінің бейінді ведомстволары арасындағы өзара ынтымақтастық жөніндегі уағдаластықтарды одан әрі дамыту жоспарланып отыр.
Қазақстан GCIP бағдарламасына 2023 жылы қосылып, оны Орталық Азияда іске асырып отырған алғашқы ел атанды. Бағдарлама жүзеге асырылған кезеңде стартаптардан 600-ден астам өтінім түсіп, 100-ден астам жоба акселерациядан өтті. Сонымен қатар қазақстандық әзірлеушілер GCIP пен ЮНИДО-ның халықаралық байқауларында да танылып, халықаралық деңгейде мойындалды.
Ынтымақтастықты кеңейтудің нақты қадамдарының бірі – 2026 жылғы сәуірде Астана қаласында Өңірлік экологиялық саммит (RES 2026) аясында өткен «Eco Startup Competition Central Asia» байқауы болды. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан 15 стартап қатысып, экологиялық технологиялар саласындағы өңірлік ынтымақтастық әлеуетін көрсетті.
Бастаманы одан әрі ілгерілетудің саяси негізі – 2026 жылғы 22 сәуірде өңір мемлекеттерінің басшылары қабылдаған «Орталық Азияның экологиялық ынтымақтастығы» декларациясы. Құжатта Орталық Азияның Жасыл акселерация орталығын құру көзделген.
Сайд-ивент барысында Орталық Азия елдерінің мемлекеттік органдарының, ЮНИДО мен ЖЭҚ өкілдері стартаптарды қолдаудың ұлттық экожүйелерін біріктіру, бірлескен пилоттық жобаларды іске қосу, технологиялық сараптамамен алмасу, сондай-ақ халықаралық қаржы институттары мен жеке инвесторларды тарту перспективаларын қарастырды.
Алдағы жұмыс аясында мемлекетаралық өзара іс-қимыл тетіктерін пысықтау, оның ішінде тиісті уағдаластықтарды әзірлеу және бірлескен қызметтің негізгі бағыттарын айқындау көзделіп отыр. Өңір елдерінің бейінді ведомстволары арасында меморандумға қол қою ынтымақтастықты ресми түрде бекітудің тетіктерінің бірі болуы мүмкін.
Жасыл акселерацияның өңірлік хабын құру перспективалы стартаптардың халықаралық нарықтарға шығуына, инновациялық шешімдерді кеңінен енгізуге және климаттық әрі экологиялық оң әсері бар жобаларға инвестициялар тартуға қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.
COP31 аясында бастаманы ілгерілету таза технологияларды қолдаудың ұлттық бағдарламаларынан Орталық Азия елдерінің әлеуетін біріктіріп, жаһандық климаттық мақсаттарға қол жеткізуге қосатын үлесін арттыруға мүмкіндік беретін өңірлік ынтымақтастық моделіне көшудің кезекті қадамы болды.




