БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

COP31: Қазақстан жасыл экономика жобаларына 32 млрд теңгеден астам инвестиция тартты


ЖАРИЯЛАНҒАН: 17.11.2026
БӨЛІСУ:
← Барлық жаңалықтар

Екі жоба бойынша инвестициялардың жалпы көлемі 32 млрд теңгеден асты. Бұл жобалар COP31 конференциясы аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық павильонында өткен «Қазақстанның көміртегі нарығы: ұлттық тетіктерден халықаралық ынтымақтастыққа дейін» сессиясында таныстырылды. ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің қолдауымен жүзеге асырылатын жобалар литий-ионды аккумуляторларды қайта өңдеу зауытын және Алматы облысында қуаты 70 МВт күн электр станциясын салуды көздейді.

Атап айтқанда, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы (IGTIC) сүйемелдейтін Nuloop Kazakhstan жобасы Алматы облысының «Қайрат» индустриялық аймағында пайдаланылған литий-ионды аккумуляторларды жинау және қайта өңдеу жөніндегі заманауи зауыт салуды көздейді. Жобаға салынған инвестиция көлемі 11,95 млрд теңгені құрады. Кәсіпорын пайдаланылған аккумуляторлардан құнды компоненттерді бөліп алуға, қауіпті қалдықтардың көлемін азайтуға және қайта өңдеудің заманауи технологияларын енгізуге маманданады. Жобаны іске асыру жаңа жұмыс орындарын ашуға, қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға және шетелдік инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.

LoopEnerGren Capital компаниясы жүзеге асыратын екінші жоба «Қайрат» индустриялық аймағында қуаты 70 МВт күн фотоэлектр станциясын салуды көздейді. Жобаға салынған инвестиция көлемі 20,47 млрд теңгені құрады. Жоба жаңартылатын энергетиканы дамытуға, экологиялық таза электр энергиясын өндіру көлемін арттыруға және парниктік газдар шығарындыларын азайтуға бағытталған. Сонымен қатар, оны іске асыру өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Қазақстанның жаңартылатын энергия көздері саласындағы қуаттарын арттыруға ықпал етеді.

Бұл бастамаларды іске асыру Қазақстанның төмен көміртекті даму, айналымды экономика және жасыл технологияларды енгізу бағыттарына инвестиция тарту әлеуетін іс жүзінде көрсетеді. Сессия ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі, IGTIC және «Астана» халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі тарапынан «Атамекен» ҰКП мен «Жасыл даму» АҚ-ның қатысуымен ұйымдастырылды. Талқылауға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттары мен бизнес өкілдері қатысты.

Іс-шараны ашқан ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанда шығарындылар саудасының ұлттық жүйесі 2013 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. Бүгінгі таңда басым міндеттердің бірі – шығарындылар саудасы жүйесін, ерікті көміртегі нарығын және Париж келісімінің 6-бабы шеңберіндегі халықаралық ынтымақтастықты біріктіретін көміртегі нарығының тұтас архитектурасын қалыптастыру. Министр көміртегі бірліктеріне деген сенім мониторинг, есептілік және верификация сапасына, сондай-ақ рәсімдердің ашықтығына байланысты екенін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан халықаралық әріптестермен практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге және климаттық жобаларға инвестиция тартуға мүдделі.

IGTIC Басқарма төрағасы Сәкен Қалқаманов Орталықты Қазақстанда климаттық және көміртегі жобаларын іске асыруға мүдделі халықаралық әріптестерге арналған бірыңғай терезе ретінде таныстырды. Ол Париж келісімінің 6-бабы шеңберінде жобаларды әзірлеу мен іске асырудың әртүрлі кезеңдерінде сүйемелдеу бойынша Орталықтың мүмкіндіктері, Жасыл технологиялар мен жобалар тізілімімен жүргізіліп жатқан жұмыс, сондай-ақ болашақта Қазақстанның елдік климаттық инвестициялық платформасын (QCIP) дамыту жөнінде баяндады.

Сессия аясында «Атамекен» ҰКП мен Түркияның Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер қауымдастығы (TÜSİAD), сондай-ақ «Жасыл даму» АҚ мен халықаралық әріптестер арасында өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды. Қол жеткізілген уағдаластықтар климаттық күн тәртібі және көміртегі нарығын дамыту саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Екі панельдік пікірталас барысында қатысушылар Париж келісімінің 6-бабы шеңберіндегі ынтымақтастықтың практикалық тетіктерін, көміртегі бірліктерін халықаралық деңгейде беру перспективаларын, климаттық жобаларға инвестиция тарту және ерікті көміртегі нарығын дамыту мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар, NULOOP компаниясының өкілі редакциялық топтың мүшесі ретінде «Қазақстанда пайдаланылған литий-иондық аккумуляторларды жинау және қайта өңдеу жүйесін қалыптастыру жөніндегі ұсынымдар» атты құжатты Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігіне ресми түрде табыстады.

Өткізілген сессия халықаралық әріптестердің Қазақстанмен климаттық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін көрсетті. Жасыл экономика жобаларына инвестиция тарту, әріптестік байланыстарды кеңейту және ұлттық реттеу тетіктерін жетілдіру Қазақстанның халықаралық көміртегі нарығына одан әрі кірігуіне және ұлттық климаттық мақсаттарға қол жеткізуіне негіз қалайды.