БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ
Қазақстан COP31 конференциясында климаттық технологиялардың ұлттық портфелін таныстырып, оны іске асыру үшін әлемдік инвесторларды шақырды

Қазақстан халықаралық қаржы институттары мен инвесторларға Технологиялық қажеттіліктерді бағалау (TNA) жобасының екінші кезеңінің қорытындысы бойынша айқындалған климаттық технологиялар саласындағы ұлттық басымдықтарын таныстырды. Сонымен қатар перспективалы технологиялық шешімдерді ілгерілету және оларды іске асыруға инвестициялар тарту бағытында күш біріктіруді ұсынды.
Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында Қазақстанның Ұлттық павильонында өткен «Климаттық технологиялардың ұлттық басымдықтары: Қазақстандағы TNA жобасының нәтижелері және оларды іске асыру жолдары» атты сессия барысында мәлім болды. Іс-шара Ғылым, өнеркәсіп және технологиялар күні аясында ұйымдастырылды.
Іс-шараны «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ (IGTIC) Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігімен, БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасының Копенгаген климаттық орталығымен (UNEP-CCC) және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен (АИИБ) бірлесіп ұйымдастырды.
TNA жобасының екінші кезеңінің қорытындысы бойынша Қазақстан парниктік газдар шығарындыларын қысқарту және климаттың өзгеруіне бейімделу бағыттары бойынша валидациядан өткен ұлттық басымдықтар тізілімін қалыптастырды. Технологиялық жобалар портфелі үш негізгі бағытты қамтиды: энергетика, су ресурстарының тұрақтылығына басымдық беретін ауыл шаруашылығы және айналымды экономика. Айқындалған технологиялық басымдықтар Қазақстанның жаңартылған Ұлттық деңгейде айқындалатын үлесімен (ҰДАҮ) және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі стратегиялық мақсатымен үйлеседі.
Сессияны аша отырып, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев пен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің вице-президенті Аджай Бхушан Пандей климаттық технологияларды енгізу үшін халықаралық ынтымақтастық пен қаржылық қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
Ұлттық бағалау нәтижелерін жоба консультанттары Владислав Завадский мен Айгерім Озкок таныстырды. Одан кейінгі «Қажеттіліктерді бағалаудан инвестицияларға дейін» атты пікірталастың негізгі тақырыбы айқындалған басымдықтарды іс жүзінде іске асыру мәселелері болды. Атап айтқанда, технологиялық шешімдерді қаржыландыруға дайындау, инвестициялық тәуекелдерді төмендету, сондай-ақ халықаралық қаржы институттарының, климаттық қорлар мен жеке капитал өкілдерінің өзара тиімді іс-қимылын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
алқылауға Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, UNEP-CCC, IGTIC, Азия даму банкінің, Жаһандық экологиялық қордың және БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасының Климаттық технологиялар жөніндегі орталығы мен желісінің (CTCN) өкілдері қатысты.
Қатысушылар Қазақстанның институционалдық моделіне ерекше назар аударды. UNEP-CCC Технологиялық көшу және жүйелік инновациялар бөлімінің басшысы Сара Трэруп климаттық технологияларды ілгерілетуде және TNA процесін үйлестіруде «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының» маңызды рөлін атап өтті.
«Қазақстанның маңызды артықшылығы – климаттық технологияларға маманданған және оларды жүйелі түрде ілгерілететін Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының болуы. Осының арқасында елде TNA процесі мен климаттық технологиялар трансфері жалпы алғанда табысты жүзеге асырылып жатыр», – деп атап өтті Сара Трэруп.
IGTIC Басқарма төрағасы Сәкен Қалқаманов TNA нәтижелерін жасыл технологияларды ілгерілету және инвестициялар тарту жөніндегі ұлттық жүйеге интеграциялау тетіктері туралы баяндады. Орталық TNA жобасының Ұлттық үйлестірушісі және жасыл технологиялар жөніндегі сервистік операторы болып табылады. Алдағы жұмыстың негізгі құралдарының бірі – қалыптастырылған технологиялық басымдықтар портфелін интеграциялау жоспарланып отырған Елдік климаттық инвестициялық платформа болмақ.
«Біздің міндетіміз – технологиялық қажеттіліктерді айқындаумен шектелмей, қаржыландыру тартуға және іс жүзінде іске асыруға мүмкіндік беретін нақты жобаларға көшу. TNA нәтижелерін Елдік климаттық инвестициялық платформаға интеграциялау басым бағыттарды жүйелеуге, сондай-ақ халықаралық қаржы институттарымен және жеке инвесторлармен өзара іс-қимыл орнату үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Сәкен Қалқаманов.
Сессия қорытындысы бойынша Қазақстан халықаралық қаржы институттарын, даму банктері мен жеке инвесторларды TNA аясында айқындалған басым жобаларды бірлесіп іске асыруға, оның ішінде бірлесіп қаржыландыру тетіктерін әзірлеуге және ұзақ мерзімді капитал тартуға шақырды.
Өткен сессия Қазақстанның климаттық және технологиялық қажеттіліктерді айқындаудан инвестициялық тартымды жобаларды қалыптастыруға көшуге дайын екенін көрсетті. Жинақталған тәжірибе, ұлттық үйлестіру тетіктері және халықаралық серіктестермен өзара іс-қимыл Орталық Азия елдерімен технологиялар мен құзыреттер алмасуды одан әрі дамытуға негіз қалайды.
