17 қазанда Брюссель қаласында «Қазақстан мен ЕО/Германия арасындағы экономикалық ынтымақтастықта ESG қағидаттарын сақтау» тақырыбында Берлин Еуразиялық Клубының 41-ші отырысы өтті. Іс-шараға гибридті форматта мемлекеттік органдардың, іскер топтардың, халықаралық ұйымдардың, салалық қауымдастықтардың және ҚР мен ЕО сараптамалық қоғамдастығының өкілдері қатысты.
Отырыстың ашылуында ҚР Сыртқы істер Вице-министрі Роман Василенко мен Еуропалық Комиссияның өкілі Кирил Луазель құттықтау сөз сөйледі. Гибридті форматта өткен пікірталасқа ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансур Ошурбаев, Консультациялық кеңестің төрағасы Бек Петер Тильс, Германия экономикасы шығыс комитетінің «Жасыл» ауысу мәселелері жөніндегі директоры Йенс Белманн, «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ (бұдан әрі — Орталық) Басқарма Төрағасы Дидар Қарымсақов, «Астана» Халықаралық қаржы орталығы әкімшілігінің өнімдер жөніндегі басқарушы директоры Данияр Келбетов және басқалар қатысты.
Басқарма Төрағасы Дидар Қарымсақов өзінің онлайн-форматта сөйлеген сөзінде «жасыл» технологияларды дамытуға және тұрақты бизнесті қолдауға бағытталған Орталық жұмысының негізгі бағыттары мен бағдарламаларын егжей-тегжейлі таныстырды. Өз сөзінде ол, сондай-ақ, Орталық қызметінің негізгі бағыттарының бірі салаларға қоршаған ортаға тигізетін әсерін барынша азайту үшін ең үздік қол жетімді техникалар енгізуге көмектесетін ЕҚТ бойынша анықтамалықтарын әзірлеу екенін атап өтті. Орталық қазірдің өзінде 16 анықтамалық әзірледі және 2027 жылға қарай қосымша 16 анықтамалықтарын шығаруды жоспарлап отыр.
«Біздің халықаралық серіктестігіміз Қазақстанның жасыл бастамаларын ілгерілету үшін маңызды. Біз тұрақты жобаларды қолдау үшін жасыл қаржыландыру және климаттық инвестицияларды тартуға, сондай-ақ жаһандық ынтымақтастық, соның ішінде ЕО елдерімен ынтымақтастық арқылы озық тәжірибе алмасуға ерекше көңіл бөлеміз» – деп қосты Орталық Басшысы.
Анықтама үшін: Берлин Еуразиялық Клубы еуразиялық интеграция идеясын қолдау және «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға жәрдемдесу мақсатында 2012 жылы құрылған. Содан бері Клуб Қазақстан, Германия және Еуропа елдерінің кең ауқымы арасындағы тұрақты диалогтың маңызды алаңына айналды.