ХЖТИЖО Intec-GCPA халықаралық консалтингтік компаниясымен ынтымақтастық перспективаларын талқылады

ХЖТИЖО Intec-GCPA халықаралық консалтингтік компаниясымен ынтымақтастық перспективаларын талқылады

2025 жылғы 15 сәуірде «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ (ХЖТИЖО) кеңсесінде Intec-GCPA International Energy Consultants халықаралық консалтингтік компаниясының өкілдерімен кездесу өтті. Intec-GCPA делегациясын Тұрақты энергетика департаментінің басшысы Марко Капонигро басқарды.

ХЖТИЖО тарапынан кездесуге Басқарма төрағасының м.а. Қалқаманов Сәкен Амангелдіұлы, Ең үздік қолжетімді техниктер бюросының басшысы Әбенов Бауыржан Болатұлы және Жобаларды басқару департаментінің директоры Бектұрғанов Руслан Маратұлы қатысты.

Кездесу шеңберінде ең үздік қолжетімді технологияларды енгізу және бейімдеу, тұрақты энергетикалық шешімдерді дамыту, сондай-ақ Қазақстанға озық халықаралық практикалар трансферіне жәрдемдесу жөніндегі өзара іс-қимылдың ықтимал форматтары талқыланды.

Ерекше назар Тәжікстандағы Intec-GCPA жобаларына, Green Climate Fund-пен өзара іс-қимыл перспективаларына, орнықты даму саласына жеке инвестицияларды тарту мүмкіндіктеріне, сондай-ақ Орталық Азия елдерінде ЕҚТ анықтамалықтарын және ХЖТИЖО сараптамасын қолдануға аударылды.

Intec-GCPA өкілдері компанияның энергетикалық ауысуларда кеңес беру, климаттық стратегияларды енгізу және тұрақты даму мәселелері бойынша үкіметтермен және халықаралық құрылымдармен жұмыс істеу тәжірибесімен бөлісті. ХЖТИЖО «Жасыл» технологиялар тізілімін дамытуды GCIP Kazakhstan стартаптарын қолдау бағдарламасын іске асыруды, сондай-ақ «жасыл көпір» шеңберінде жобаларды ілгерілетуді және көміртекті-бейтарап экономикаға көшуді қоса алғанда, ағымдағы басымдықтарды таныстырды

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ұзақ мерзімді әріптестік орнатуға қызығушылық білдіріп, сараптамалық іс-шараларды ұйымдастыруды, талдамамен алмасуды және пилоттық жобаларды іске асыруды қоса алғанда, нақты бастамаларды пысықтауды жалғастыру туралы уағдаласты.