Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің және «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ (ХЖТИЖО) делегациясы 22-23 сәуірде Бангкокта өткен БҰҰ Азия және Тынық мұхиты үшін экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) 81-ші сессиясына қатысты. Сапардың негізгі мақсаттары «Астананың жасыл белдеуі» сайд-ивентін өткізу, «Жасыл көпір» серіктестігінің жаңартылған бағдарламасын (ЖКСБ) ілгерілету бойынша ынтымақтастықты нығайту болды.
Қазақстандық делегацияны ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев басқарды. Делегация құрамына ХЖТИЖО Басқармасы Төрағасының орынбасары Сәуле Қозыкеқызы Қозыке, ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы, орманды басқару және флора басқармасының бастығы Азамат Әбуов және басқа да өкілдер кірді.
Бірінші күні, 22 сәуірде, қазақстандық делегация ЭСКАТО-ның мынадай бейіндік құрылымдарымен: Қоршаған ортаны қорғау және дамыту бөлімімен (EDD), Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және табиғи апаттар қаупін азайту бөлімімен (IDD) жұмыс кездесулерін өткізді. Бұл кездесулер Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен ЭСКАТО арасындағы 2025-2027 жылдарға арналған ЖКСБ ілгерілету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарының мазмұны мен іске асыру тетіктерін талқылауға арналды.
Осы тұрғыда ХЖТИЖО Басқармасы Төрағасының орынбасары Сәуле Қозыкеқызы Қозыке бастаманың негізгі бағыттарын белгілеген презентациямен сөз сөйледі. Өз сөзінде ол Қазақстан технологиялық трансформацияны Орталық Азия өңіріндегі орнықты дамудың стратегиялық құралы ретінде қарастыратынын атап өтті. Ерекше назар «жасыл» және климаттық технологиялармен алмасу үшін Халықаралық цифрлық платформаны құруға, осындай технологиялардың трансфертін реттейтін Халықаралық техникалық келісімді әзірлеуге аударылды.
23 сәуірде Қазақстан делегациясының ЭСКАТО-ның Атқарушы хатшысы – БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Армида Салсиа Алишахбанамен екіжақты кездесуі өтті. Кездесу аясында қазақстандық тарап 2025-2027 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарының жобасын ресми түрде тапсырды. ЖКСБ-ның стратегиялық бағыттары, сондай-ақ тұрақты даму және жасыл технологиялар саласындағы қолданыстағы өңірлік және халықаралық бағдарламалармен бастаманы интеграциялау мүмкіндіктері талқыланды.
Бұған дейін, күннің бірінші жартысында Қазақстан делегациясы ЭСКАТО-ның 81-ші Сессиясының пленарлық сессиясына қатысты. ҚР ЭТРМ атынан ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев сөз сөйледі. Өз сөзінде ол Қазақстанның орнықты даму және климаттық бейімделу саласындағы бірегей тәжірибесін «Астананың жасыл белдеуі» экологиялық жобасы мысалында ұсынды.
Данияр Тұрғамбаев өз сөзінде:
«Астананың жасыл белдеуі» жобасы жай ғана көгалдандыру емес. Бұл адам мен табиғат үйлесімді өмір сүре алатындығының символы. Бұл батылдық пен ғылымның қолдауымен шөлді даланы гүлденген орманға айналдыра алатындығының мысалы», – деп атап өтті.
Сондай-ақ Сәуле Қозыке Азия және Тынық мұхиты технологияларды беру орталығының (APCTT, Үндістан), Азия және Тынық мұхиты ақпараттық-коммуникациялық технологиялар оқу орталығының (APCICT, Корея Республикасы) өкілдерімен, сондай-ақ Әзірбайжанның Таиландтағы Елшілігінің өкілдерімен бірқатар екіжақты келіссөздер жүргізді.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі ұйымдастырған «Астананың жасыл белдеуі» тақырыптық сайд-ивенті күннің шарықтау шегіне айналды. Іс-шара сұрақ-жауап сессиясымен дәріс форматында өтті. Презентация барысында Астана қаласының айналасында ауданы 100 мың гектардан асатын жасанды орман алқабын құру бойынша Қазақстанның тәжірибесі — микроклиматты өзгерту, биоәртүрлілікті арттыру және шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі бірегей жоба ұсынылды. Қазақстандық бастама экология, озық жасыл технологияларды енгізу және қалаларды тұрақты көгалдандыру саласындағы өңірлік көшбасшылықтың үлгісі ретінде жоғары бағаланды.
Қазақстанның ЭСКАТО-ның 81-ші сессиясына қатысуы кең халықаралық контексте өтті. Іс-шараларға ЭСКАТО-ға мүше 50-ден астам мемлекеттің өкілдері қатысты. Бұдан бөлек, БҰҰ-дың халықаралық ұйымдары мен агенттіктері кеңінен таныстырылды.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар ЖКСБ іске асыру мәселелері бойынша тұрақты өзара іс-қимыл жасау үшін күш-жігерді жүйе түрде үйлестіруді жүргізу туралы, сондай-ақ бірлескен жобаларды бірлесіп пысықтау туралы уағдаласты.