Жасыл экономикаға бетбұрыс: Сенатта экология мәселелеріне арналған Үкімет сағаты өтті

Жасыл экономикаға бетбұрыс: Сенатта экология мәселелеріне арналған Үкімет сағаты өтті

Сенатта «Жасыл» инвестициялар тартуды және қолжетімді үздік техниканы кеңінен қолдануды мемлекеттің көтермелеуі мен ынталандыруы бөлігінде Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексі нормаларының іске асырылуы туралы тақырыбына арналған Үкімет сағаты өтті.

Сенат ғимаратында арнайы ұйымдастырылған көрмеде экология саласындағы озық технологиялар мен бастамалар ұсынылды. Қатысушылар қоршаған ортаға кері әсерді азайтуға бағытталған инновациялық шешімдерді енгізудің табысты мысалдарымен танысты.

Үкімет сағаты барысында Сенат Төрағасының орынбасары Жақып Асанов бүгінгі таңда Қазақстан алдында тұрған ауқымды әрі кешенді міндет – негізгі өнеркәсіп салаларында ең үздік қолжетімді технологияларды енгізудің толыққанды жүйесін қалыптастыру екенін атап өтті. Ол бұл салада тұрақты нәтижелерге қол жеткізу мен техногендік әсерді азайту үшін заңнамалық, экономикалық, инфрақұрылымдық және білім беру шараларын біріктіретін кешенді тәсіл қажет екенін айтты.

«Экологиялық басымдықтарды өңірлердің даму стратегияларына жай ғана декларативті түрде емес, нақты инфрақұрылымдық жобалар, экологиялық қауіп-қатерлердің егжей-тегжейлі карталарын әзірлеу, сондай-ақ әр өңірдегі «жасыл» бастамалардың ашық және қолжетімді тізілімдері арқылы енгізу қажет. Бұл ретте білікті кадрлар – экологиялық өзгерістерді жергілікті жерлерде жүзеге асыра алатын «жасыл» менеджерлер даярлаудың маңызы зор. Сонымен қатар ЖОО-лар мен колледждердегі мамандар даярлау бағдарламаларына экологиялық пәндер мен модульдерді енгізуді, халық пен бизнестің экологиялық сауаттылығын арттыруды, осы саладағы ғылыми-техникалық жаңалықтарды ынталандыруды күшейту қажет», – деді Вице-Спикер Жақып Асанов.

Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев өз сөзінде кешенді экологиялық рұқсаттарды енгізу мен ең үздік қолжетімді технологияларға көшу – бұл жай ғана технологиялық жаңғырту емес, кәсіпорындардың жалпы экологиялық жауапкершілігін арттыруға, ластану деңгейін төмендетуге және азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған стратегиялық қадам екенін атап өтті.

«Қазақстан өнеркәсібінің ерекшеліктері мен шынайылығын ескере отырып, кезең-кезеңімен және жүйелі түрде әрекет ету өте маңызды. Ең үздік қолжетімді технологиялар бойынша анықтамалықтар әзірлеу салалық ерекшелікке негізделіп, ғылыми тұрғыда негізделген әрі іс жүзінде қолдануға ыңғайлы болуы тиіс. Алайда бүгінде біз маңызды кедергіге тап болып отырмыз – озық технологияларды енгізуде бірыңғай үйлестіру мен кешенді тәсілдің жоқтығы байқалады. Сонымен қатар экологиялық басымдықтар көбіне өңірлік стратегияларға кіріктірілмеген, бұл тұрақты экологиялық нәтижелерге қол жеткізуді қиындатады», – деді Әли Бектаев. Ол мемлекет, бизнес және сарапшылық қауымдастық арасындағы өзара іс-қимылды күшейтудің маңыздылығын баса айтты.

Үкімет сағаты барысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев та баяндама жасады. Ол сенаторларға еліміздің өңірлерінде экологиялық бастамалардың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары туралы мәлімет берді. Министр ірі ұлттық компаниялардың озық экологиялық стандарттарды енгізу және өндірістерді жаңғырту бойынша жоспарларына тоқталды. Сондай-ақ энергетика, мұнай-газ, химия, металлургия және басқа да ең ірі әрі энергияны көп қажет ететін салаларға арналған ең үздік қолжетімді технологиялар бойынша 20 анықтамалық әзірлеу жұмысына ерекше назар аударылды. Бұған қоса, Ерлан Нысанбаев Жасыл климаттық қор үшін кең ауқымды бағыттарды қамтитын Елдік бағдарламаның әзірленіп жатқанын хабарлады.

Шараға қатысушылар қысқа мерзімді экономикалық тиімділікке ұмтылған бизнестің өз кезегінде жүйелі экологиялық және қаржылық тәуекелдерге алып келетінін атап өтті. Бұл жағдай, өз кезегінде, мемлекеттің экономикалық және экологиялық саясаты арасындағы қайшылықтарға себеп болады. Атап айтқанда, сенатор Ольга Булавкина экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін және кәсіпорындарды жаңғыртуға ынталандыратын қатаң заңнамалық талаптардың қажеттілігіне назар аударды. Оның ішінде барлық қауіпті өндірістерге кешенді экологиялық рұқсаттарды міндетті түрде енгізіп, экологиялық нормативтерді кезең-кезеңімен қатаңдату қажеттігін ерекше атап өтті.

Үкімет сағатының қорытындысы бойынша, экологиялық жаңғырту жоспарларын табысты іске асыру мен тұрақты экономикаға көшу үшін мемлекет, бизнес және ғылыми қауымдастық күш-жігерін біріктірудің маңыздылығы атап өтілді. Сондай-ақ экологиялық өзгерістерді ынталандыру тетіктері мен нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленді. Тиісті ұсынымдар одан әрі қарау үшін Үкімет пен мемлекеттік органдарға жолданатын болады.