«Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» Дүниежүзілік қоршаған орта күніне арналған панельдік пікірталасқа қатысты

«Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» Дүниежүзілік қоршаған орта күніне арналған панельдік пікірталасқа қатысты

2025 жылғы 5 маусымда Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Президенттік орталығының бастамасымен республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында және Дүниежүзілік қоршаған орта күніне орай «Қазақстанның экологиялық болашағы: сын-қатерлер, әріптестік және шешімдер» тақырыбында панельдік пікірталас өтті.

Пікірталас Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясының нақты қадамдарын талқылауға, тәжірибе алмасуға және экологиялық жағдайды жақсарту бойынша ортақ шешімдерді іздеуге арналған ашық диалог алаңына айналды.

Іс-шараға 60-қа жуық қатысушы жиналды — мемлекеттік органдардың, Парламент Мәжілісінің, ғылыми және сараптамалық қауымдастықтың, ҮЕҰ, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ салалық сарапшылар.

Пікірталасқа «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының (ХЖТИЖО) Басқарма төрағасының орынбасары Сауле Қозыкеева спикер ретінде қатысып, тұрақты даму жолындағы жүйелі тәсіл мен көпжақты әріптестіктің маңызын атап өтті:

«Экологиялық мәселелерді кешенді түрде шешу үшін барлық тараптың – мемлекет, бизнес, ғылым мен азаматтық қоғамның күшін біріктіру қажет. ХЖТИЖО осы үдерісте байланыстырушы көпір бола отырып, жасыл технологияларды ілгерілетуге, экологиялық мәдениетті дамытуға және жергілікті жерлерде нақты нәтижелерге қол жеткізуге ықпал етеді», – деді Сауле Қозыкеева.

Пікірталас барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ажар Сағындықова, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық саясат департаменті директорының м.а. Наталья Даулетьярова, ҚР Парламенті Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық палатаның сарапшысы Айжан Скакова және М.В. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалының доценті Владимир Дехнич сөз сөйледі.

Іс-шарада қалдықтарды басқару, инфрақұрылымды жаңғырту, экологиялық ағарту, жаңартылатын энергия көздерін енгізу және жасыл технологияларды қолдану мәселелері көтерілді. Пікірталас қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар үшін қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану саласында бірлескен іс-қимылдарға қатысты ұсыныстар әзірленеді.