ECO Expo Central Asia 2025 халықаралық көрмесінің екінші күні аясында «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ өкілдері мен Өзбекстан Республикасы Қоршаған орта және климаттың өзгеруі министрлігінің Қалдықтарды басқару және циркулярлық экономиканы дамыту агенттігінің басшылары жұмыс кездесуін өткізді.
Тараптар экологиялық жаңғыртудың басты бағыттары бойынша болжамды өзара әрекеттестік форматтарын талқылады. Қазақстандық делегация мынадай бағыттар бойынша сараптамалық және техникалық қолдау көрсетуге дайын екенін растады:
- өнеркәсіп секторына ең үздік қолжетімді техникаларды (ЕҚТ) енгізу;
- көміртегі бірліктерімен сауда жүйесін іске қосу;
- облигациялар шығаруды қоса алғанда, «жасыл» қаржыландыру құралдарын ілгерілету;
- экологиялық тиімді технологиялар тізілімін қалыптастыру;
- cleantech-стартаптарға (GCIP Kazakhstan) арналған акселерациялық бағдарламаларды дамыту;
- халықаралық орнықты даму тетіктері шеңберінде инвестициялық жобаларды сүйемелдеу.
Қазақстанның практикалық тәжірибесіне ерекше назар аударылды: ұсынылған шешімдер ұлттық деңгейде жұмыс істеп жатыр және Өзбекстанның қазіргі жағдайына бейімдеуге болады. Бірқатар ұсыныстар – қазақстандық сарапшылардың нормативтік базаны әзірлеуге, пилоттық бастамаларды іске қосуға және институционалдық тәсілдерді қалыптастыруға қатысуы ұсынылды.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша көрменің соңғы күнінде ХЖТИЖО мен өзбек серіктестер арасында ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Құжаттарға Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрінің орынбасары Жүсіпбек Қазбеков пен ХЖТИЖО Басқарма төрағасының м.а. Сәкен Қалқаманов қол қойды.
«Бүгінгі күні біз перспективаларды талқылап қана қоймай, іс жүзінде өңірдегі практикалық экологиялық кооперацияның негізін қалап отырмыз. Қазақстан ЕҚТ-ны енгізуден бастап жасыл стартаптарды іске қосуға дейін елеулі тәжірибе жинақтады және біз осы тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз. Біз Өзбекстанмен серіктестікті стратегиялық және ұзақ мерзімді серіктестік ретінде қарастырамыз», – деп атап өтті Сәкен Қалқаманов.
Келісілген бастамалар:
- Faceplate жобасының цифрлық шешімдерін Өзбекстанның өнеркәсіптік секторына ықпалдастыру;
- таулы өңірлерде орманды қалпына келтіру үшін TQ-Drone ұшқышсыз платформасын пайдалану;
- YSL технологиясының көмегімен Ташкент қалалық саябақтарын «ақылды» суару жүйесін іске асыру;
Қоршаған ортаны және климаттың өзгеруін зерттеу жөніндегі Орталық Азия университетінің (Green University, Ташкент қаласы) және Cryoadsorbent және Kaz-REEcycling стартаптарының қатысуымен су тазарту және электрондық қалдықтарды кәдеге жарату жөніндегі бірлескен жобаларды іске қосу.
Аталған жобалардың барлығы GCIP Kazakhstan – жасыл стартаптарды дамыту жөніндегі флагмандық бағдарлама шеңберінде алдын ала іріктеуден және акселерациядан өткенін айта кеткен жөн.
Өзбекстанның Қалдықтарды басқару және циркулярлық экономиканы дамыту агенттігімен жеке меморандумға қол қойылды. Меморандумда жасыл технологиялардың ұлттық тізілімін құру, жасыл акселерация бағдарламасын іске қосу, сондай-ақ ЕҚТ тұжырымдамасын дайындау және өнеркәсіптік нысандарға технологиялық аудит жүргізуге қолдау көрсету көзделеді.
Ынтымақтастықтың қосымша тақырыптары – медициналық және қауіпті қалдықтармен жұмыс істеудің орталықтандырылған жүйесі болды. Өзбек тарапы өз кезегінде тәжірибе алмасуға қызығушылық танытып, қалдықтарды басқару және экологиялық реттеу саласындағы өз жұмыстарымен бөлісуге дайын екенін білдірді.