Ақтауда «Green Tech коммерцияландыру реакторы» технологиялық брокерлік іс-шарасы өтті: Маңғыстаудың тұрақты болашағы үшін технология мен серіктестік біріккен күн

Ақтауда «Green Tech коммерцияландыру реакторы» технологиялық брокерлік іс-шарасы өтті: Маңғыстаудың тұрақты болашағы үшін технология мен серіктестік біріккен күн

2025 жылғы 2 тамыз, Ақтау қаласы – GCIP-Kazakhstan 2025 бағдарламасы аясында «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен Ақтау қаласында «Green Tech коммерцияландыру реакторы» технологиялық брокерлік іс-шарасы өтті.

Аталған шара Маңғыстау өңірінің тұрақты дамуына бағытталған өзекті экологиялық міндеттерді шешуге арналған қолданбалы технологиялық шешімдерді іздеу алаңына айналды. Бұл басқосу ғылым, бизнес және мемлекеттік құрылымдардың күш-жігерін біріктіріп, өңірдің климаттық және өнеркәсіптік қауіп-қатерлеріне бірлескен жауап іздеген маңызы жоғары диалог алаңы болды. Іс-шараға 100-ден астам адам қатысты, олардың қатарында мемлекеттік органдардың, өнеркәсіптік кәсіпорындардың, экологиялық қызметтердің, стартап жобалардың және зерттеу ұйымдарының өкілдері болды.

Күн тәртібінде өңір үшін аса маңызды экологиялық мәселелер талқыланды: мұнай өндіру қалдықтары мен қатты тұрмыстық қалдықтарды жою, ағынды суларды тазарту, тұщы судың жетіспеушілігі, атмосфераның ластануы, топырақтың деградациясы және шөлейттенген аумақтарды көгалдандыру.

Бес тақырыптық сессия аясында қатысушылар келесі бағыттар бойынша технологиялық шешімдерді талқылады:

– атмосфералық ауаның ластануын азайту,

– су ресурстарын тиімді басқару,

– қалалық жасыл инфрақұрылымды дамыту,

– қалдықтарды тұрақты басқару,

– жаңартылатын энергия көздерін енгізу.

Әрбір сессияда өңірлік мемлекеттік органдар өз салаларындағы нақты технологиялық қажеттіліктерді ұсынды, ал стартаптар мен инновациялық топтар өз шешімдерімен жауап берді. Қатысушылар қатарында – «Қазгидромет» РМК, «Каспий жылу, су арнасы» ШЖҚ МКК, Altai Agro Farm Ltd, Smart Energy Tree, Dala-Ecos Technology және басқа да ұйымдар болды.

Іс-шара шеңберінде экологиялық реформаны іске асыру, кәсіпорындардың 2025 жылдан бастап кешенді экологиялық рұқсаттар (КЭР) жүйесіне көшуі және ең озық қолжетімді техникаларды (НДТ)  енгізу мәселелеріне арналған жұмыс кеңесі өткізілді. Қатысушылар жаңа Экологиялық кодекстің ережелерін, НДТ енгізу кезеңдерін және кешенді техникалық-экономикалық аудиттердің маңыздылығын талқылады. Сонымен қатар Орталық әзірлеген 12 сала бойынша салалық НДТ анықтамалықтары ұсынылды.

Іс-шарада «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ-ның басқарушы директоры, озық қолжетімді техникалар бюросының жетекшісі Бауыржан Әбенов экологиялық трансформацияның саяси маңыздылығына тоқталып, сөз сөйледі:

«Қатаң экологиялық талаптар мен климаттың өзгеруі жағдайында біз нүктелі тәсілдерден жүйелі экологиялық үйлесімділікке көшуіміз қажет. Бұл мемлекет, бизнес және технология әзірлеушілер арасындағы ашық және сенімді әріптестіксіз мүмкін емес. Қазақстан трансформацияның тек қажеттілік емес, сонымен қатар өсу мен тұрақтылықтың, халықаралық ынтымақтастықтың драйвері бола алатынын дәлелдей алады», – деді ол.

Технологиялық брокерлік іс-шара қатысушылардың ынтымақтасуға дайын екендігін көрсетті. Талқылауларға Маңғыстау өңірінің ірі өндірістік компаниялары – «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «ҚазАзот» АҚ, Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты (МАЭК), сондай-ақ су шаруашылығы құрылымдары мен жастар бастамаларының өкілдері белсене қатысты.

Шара форматы экологиялық күн тәртібін қалыптастырып отырған тараптар мен нақты технологиялық шешімдерді ұсынатын әзірлеушілер арасында тікелей әрі нәтижелі диалог орнатуға мүмкіндік берді. Іс-шараның маңызды нәтижесі – өзекті мәселелерді ашық талқылаумен қатар, жасыл технологияларды енгізу және өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ұзақмерзімді ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қалыптастыру болды.

Ақтауда өткен «Green Tech коммерцияландыру реакторы» – Қазақстандағы экологиялық трансформация жолындағы кезекті нақты қадам болды. Бұл технология, әріптестік және стратегиялық көзқарас арқылы жүзеге асқан сәтті қадам.

Анықтама: үшін:

«Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы – Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қарамағындағы, тұрақты даму мен жасыл экономиканы ілгерілетуге бағытталған негізгі ұлттық платформа.

Орталық экологиялық жобаларға инвестиция тарту, алдыңғы қатарлы жасыл технологияларды енгізу және орнықты даму саласындағы халықаралық әріптестікті нығайту бағытында жұмыс істейді.

Аталған бастамалардың бірі – таза технологиялар саласындағы Ғаламдық инновациялар бағдарламасы (GCIP-Kazakhstan). 2023–2024 жылдар аралығында бағдарлама аясында 200-ден астам өтінім қабылданып, олардың 50-ден астамы акселерациядан өтті. 2025 жылы бағдарламаға 350-ден астам өтінім келіп түсті. Қатысушылар халықаралық стандарттарға сай оқудан өтіп, менторлық қолдау алып, инвестиция тартуға мүмкіндік иеленеді.