Астана, 2025 жылғы 8 қазан — Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы (IGTIC) және Қазақстан-Азия сауда және мәдениетті дамыту қауымдастығы (KAADTC) тұрақты өсу, «жасыл» экономика және халықаралық инвестициялар саласындағы стратегиялық әріптестікті дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Құжатқа IGTIC Басқарма Төрағасы Сәкен Қалқаманов пен KAADTC Басқарма Төрағасы Қанат Бейсек қол қойды.
Меморандумға қол қою экологиялық жобаларға инвестициялар тарту мәселелерінде Қазақстанның Азия елдерімен ынтымақтастығын кеңейтудегі маңызды қадам болды. Тараптар перспективалы технологиялық шешімдерді ілгерілету, қолайлы инвестициялық орта құру және халықаралық форумдар мен көрмелерге бірлесіп қатысу үшін күш біріктіруге келісті.
Тұрақты энергетика, қалдықтарды басқару, су ресурстары және жасыл күн тәртібінің басқа да басым бағыттары саласындағы бастамаларды іске асыруға шетелдік компанияларды, инвестициялық қорларды және қаржы институттарын тартуға ерекше назар аударылмақ.
«KAADTC-пен ынтымақтастық біздің жобаларымызды масштабтау, тәжірибе алмасу және жасыл трансформацияның маңызды секторларына ресурстарды тарту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл серіктестіктің Қазақстан үшін де, бүкіл Орталық Азия өңірі үшін де стратегиялық маңызы зор», — деді Сәкен Қалқаманов қол қою рәсімінде.
Қауымдастық өз кезегінде Азияның бизнес-қауымдастығымен берік байланыс орнатуға белсенді жәрдемдесуге және халықаралық өзара іс-қимыл саласында жинақталған тәжірибені пайдалануға дайын екендігін атап өтті.