Астанада ауа мен су мониторингі жүйесі орнатылады

Астанада ауа мен су мониторингі жүйесі орнатылады

Гонконг – Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы (IGTIC) Гонконгта өткен экология саласындағы ең ірі халықаралық іс-шаралардың бірі – Eco Expo Asia 2025 көрмесіне қатысты.

IGTIC Басқарма Төрағасы Сәкен Қалқаманов іс-шараның ашылуында, сондай-ақ экологиялық бизнесті шетелдік нарықтарға ілгерілету бойынша тәжірибе алмасу жөніндегі форум аясында құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде:

«Қазақстанда инвесторлар үшін «жасыл» технологияларға толық тізбек қалыптастырылды: заңнамалық бекітілген сұраныс, институционалдық әріптес, құрылымдалған мүмкіндіктер және 2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммит шеңберінде құрылатын халықаралық платформа. Біз технологиялық компаниялар мен инвесторларды Астанада өтетін Халықаралық жасыл технологиялар көрмесіне қатысуға шақырамыз»деді Төраға.

Сапар барысында Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының Басқарма Төрағасы Сәкен Қалқаманов халықаралық бизнес-қоғамдастықты 2026 жылғы 22-24 сәуірде Астанада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының қатысуымен өтетін Өңірлік экологиялық саммитке (РЭС-2026) қатысуға шақырды және Қазақстандағы «жасыл» технологиялардың келешектегі инвестициялық климаты туралы айтып өтті.

Сондай-ақ, сапар аясында ҚХР Экология және қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Юй Хуэйвэнмен ресми кездесу өтті, кездесу барысында экотехнологиялар және қоршаған орта мониторингі саласындағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндіктері талқыланды. Тараптар тәжірибе алмасуға, технологиялар трансферіне және экологиялық мониторинг және тұрақты төмен көміртекті дамуға көшу бойынша кешенді шешімдерді бірлесіп әзірлеуге қызығушылық танытты.

IGTIC-тің «жасыл» трансформацияның институционалдық операторы ретіндегі рөлі айрықша атап көрсетілді. «Қазгидромет» РМК, ҚР ЭТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитеті мен қытайлық Lihe Technology компаниясы арасында меморандумдарға қол қою – басты нәтиже болды. Қол жеткізілген уағдаластықтар аясында Lihe Technology Астана қаласындағы халық қоныстанған аймақтар мен өнеркәсіптік аумақтарда ауа мен суды талдау бойынша жабдықтарды пилоттық режимде тегін орнатады. Бұл жаңа буынның экологиялық мониторингінің көп деңгейлі жүйесін құруға жасалған алғашқы қадам болмақ.

Қазақстанның Eco Expo Asia 2025 көрмесіне қатысуы халықаралық әріптестікті нығайтудағы және ұлттық экологиялық бастамаларды жаһандық деңгейде ілгерілетудегі маңызды қадам болды.