Қазақстан ЕҚТ енгізу нәтижелері туралы баяндамасын Сеулде таныстырды

Қазақстан ЕҚТ енгізу нәтижелері туралы баяндамасын Сеулде таныстырды

Сеул, 13-14 қараша – IGTIC Сеулде (Корея Республикасы) өткен Халықаралық сарапшылар тобының 10-шы отырысында ең үздік қолжетімді техникаларды (ЕҚТ) енгізу нәтижелері туралы баяндама жасады.

Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының (IGTIC) Басқарушы директоры – ЕҚТ бюросының басшысы Қайрат Мәсенов сөз сөйлеп, ұлттық салалық анықтамалықтарды әзірлеу, кәсіпорындардың кешенді технологиялық аудиттерін жүргізу, өнеркәсіпті кешенді экологиялық рұқсаттар жүйесіне көшуге дайындау, шығарындылар мен қалдықтарды азайту, энергия тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды іске асыруды, сондай-ақ Орталық Азия ЕҚТ бюросын қалыптастыру жөніндегі бастаманы қоса алғанда, Қазақстанда ЕҚТ енгізудің басты нәтижелері туралы айтып өтті.

Пленарлық бөлімнен басқа, IGTIC өкілдері Ұлыбритания, Қытай, Таиланд және Вьетнамнан келген әріптестерімен екіжақты келіссөздер жүргізді. Шетелдік әріптестер ЕҚТ бойынша ұлттық анықтамалықтарды әзірлеу кезінде сараптамалық қолдау көрсетуге, рецензиялар мен сараптамалық қорытындылар дайындауға, сондай-ақ өтеусіз негізде әдіснамалық көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. Ұлыбритания делегациясы Қазақстанға тамақ өнеркәсібі, сусындар өндірісі және мал шаруашылығы салаларындағы ЕҚТ бойынша салалық материалдарды табыстады, бұл ұлттық анықтамалықтарды одан әрі әзірлеуге маңызды негіз болады.

Іс-шараны Корея Республикасының Ұлттық экологиялық зерттеулер институты (NIER) Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен (ЭЫДҰ) бірлесіп ұйымдастырды. Қазақстанның отырысқа қатысуы елдің экологиялық реттеу және өнеркәсіпті «жасыл» трансформациялау саласындағы халықаралық өзара іс-қимылының жоғары деңгейде екенін танытты.

Қазақстанның ЭЫДҰ отырысына қатысуы елдің халықаралық экологиялық талаптарға және ең үздік қолжетімді техникаларды енгізу арқылы өнеркәсіпті жаңғыртуға арналған стратегиялық бағытты ұстанатынын растайды. ЕҚТ бюросы халықаралық ынтымақтастықты нығайту, сараптамалық байланыстарды дамыту және Қазақстан Республикасының экологиялық реттеу жүйесіне үздік әлемдік тәжірибелерді енгізу жұмысын жалғастыра береді.