Қазақстан Республикасының Үкіметі Қалдықтардың барлық түрлерін басқарудың 2026-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын мақұлдады. Құжат Мемлекет басшысының елдегі экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі тапсырмасы шеңберінде әзірленді және қалдықтармен жұмыс істеудің заманауи, тиімді және ашық жүйесін құруға бағытталған.
Тұжырымдаманың негізгі тәсілдері туралы экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев баяндады. Ол құжатты әзірлеу бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелерін таныстырды, Тұжырымдаманың негізіне алынған стратегиялық бағыттар мен қағидаттарды атап өтті, сондай-ақ ұсынылған шешімдерді іске асыру жөніндегі алда жасалатын қадамдар туралы айтып берді.
Қалдықтардың барлық түрлерін басқару жөніндегі тұжырымдаманы Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы (IGTIC) әзірледі. Құжаттың негізгі мақсаты – инновациялық және цифрлық шешімдерді енгізе отырып, айналымды экономика қағидаттарына негізделген қалдықтарды басқарудың тұрақты жүйесін қалыптастыру.
Тұжырымдамада: тарихи қалдықтардың тізілімін өзектілендіру және жүргізу, қалдықтарды басқарудың ұлттық орталығын құру, қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы бірыңғай цифрлық платформаны әзірлеу, сондай-ақ экологиялық білім беру мен ағарту жүйесін дамыту сияқты негізгі бағыттар қамтылды.
Құжатта саланың барлық қазіргі сын-қатерлері: қалдықтарды дұрыс есепке алмау, бірыңғай нормативтік-құқықтық базаның болмауы, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеудің төмен деңгейі, тамақ және құрылыс қалдықтары үшін инфрақұрылымның болмауы, сондай-ақ бизнес үшін қайта өңдеудің экономикалық тиімсіздігі ескерілді.
Тұжырымдаманың негізгі шараларына: қалдықтарды толық түгендеу және мемлекеттік кадастрды жаңарту, барлық қалдықтарды түзушілерді міндетті тіркеу және саланы цифрландыру, заңнаманы біріздендіру және қалдықтар иелерінің жауапкершілігін күшейту, тарифтерді қайта қарау, салық жеңілдіктерін және ӨКМ жүйесін дамыту, сондай-ақ қайта өңдеудің қазіргі заманғы инфрақұрылымын қалыптастыру жатады.
Жеңілдікті қаржыландыру тетігі аясында 60 жоба мақұлданды, оның ішінде 22 жоба қаржыландырылды. Астана, Алматы және Шымкент қалаларында үш қоқыс жағатын зауыт салу жоспарда тұр.
Тұжырымдаманың нысаналы көрсеткіштері қалдықтарды (радиоактивтілерден басқа) 100% түгендеуді, өнеркәсіптік қалдықтарды қайталама айналымға тартуды 10 %-ға ұлғайтуды және коммуналдық қалдықтарды полигондарға бағыттауды кемінде 10 %-ға төмендетуді көздейді.
Тұжырымдаманы әзірлеу «Bank RBK» АҚ-ның жәрдемдесуімен және қаржыландыруымен жүзеге асырылады. Азия даму банкі сараптамалық қолдау жасады. Құжатты іске асыру қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртуға, саланың инвестициялық әлеуетін арттыруға және елде қалдықтарды басқарудың ашық, экологиялық қауіпсіз жүйесін құруға мүмкіндік береді.
