Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 27 наурыздағы № 232 қаулысымен «жасыл» облигациялар және «жасыл» кредиттер арқылы қаржыландыруға жататын «жасыл» жобалардың санаттарын жіктеу (таксономия) жүйесіне өзгерістер енгізілді.
Енді «жасыл» таксономия электр энергиясы мен газдан жылу өндіру, отынды газға ауыстыру жобаларына, сондай-ақ атом энергетикасы жобаларына қолданылады.
Бұдан басқа, «жасыл» таксономия экономикалық қызмет кодтары, шекті мәндер мен мысалдар бөлігінде жаңартылды.
«Жасыл» таксономияның негізгі мақсаты жасыл қаржыландыруда, атап айтқанда, «жасыл» облигацияларды шығару және «жасыл» кредиттерді беру процесінде қолдану үшін жобалар мен активтердің санаттарын айқындауға жәрдемдесу болып табылады.
«Жасыл» кредиттер мен «жасыл» облигацияларды пайдалану былайша жүзеге асырылады:
- «жасыл» жобаларды іске асыру мақсатында екінші деңгейдегі банктер жеке кәсіпкерлік субъектілеріне беретін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау;
- АХҚО актілеріне сәйкес шығарылған және АХҚО Биржасының тізіміне енгізілген «жасыл» облигациялар бойынша купондық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау.
Жасыл несиелер мен облигацияларды қалай алу керектігі туралы толық ақпарат алу үшін мүдделі тараптарға (қаржы институттары, қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, бизнес) арналған «жасыл» таксономияны қолдану жөніндегі әдістемелік түсіндірмелермен танысу ұсынылады.
