Қазақстанда 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан Таза технологиялар саласындағы жаһандық инновациялар бағдарламасы (GCIP) 2026 жылы өзінің қазіргі кезеңін аяқтауға жақындап келеді. Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласында өткен ECO EXPO CENTRAL ASIA 2026 көрмесі аясында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының (IGTIC) және Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіптік даму жөніндегі ұйымының (ЮНИДО) өкілдері одан әрі ынтымақтастық перспективаларын, оның ішінде таза технологиялар саласындағы акселерациялық бастаманы өңірлік деңгейге кеңейту мүмкіндігін талқылады.
Жаһандық экологиялық қордың (GEF) қолдауымен IGTIC мен ЮНИДО бірлесіп жүзеге асырып отырған GCIP Kazakhstan ұлттық таза технологиялар акселерациялау жобасы 2026 жылы өзінің қазіргі кезеңін аяқтауға жақындап келеді. Қазақстан GCIP бағдарламасын ұлттық деңгейде табысты іске асырған Орталық Азиядағы алғашқы және бүгінгі күнге дейін жалғыз мемлекет болып табылады. Соңғы үш жыл ішінде бағдарлама климаттық және экологиялық кәсіпкерлердің мықты экожүйесін қалыптастыруға ықпал етті. Үш акселерация циклі барысында шамамен 100 стартап бағдарламаны сәтті аяқтады, олардың 40%-ын әйел кәсіпкерлер басқарады. Қатысушы стартаптардың жиынтық кірісі 2 миллион АҚШ долларынан асты.
Бағдарлама қатысушылары халықаралық деңгейде де жоғары бәсекеге қабілеттілігін көрсетті. Қазақстандық стартаптар Стамбұл мен Вена қалаларында өткен жаһандық Cleantech Days байқауларында тұрақты түрде жоғары орындарға ие болып, елді әлемдегі ең келешегі бар таза технологиялық инновациялық жобалар қатарында танытты.
Осы жетістіктерге сүйене отырып, тараптар ынтымақтастықты жалғастыруға және таза технологиялар акселерациялау моделін Орталық Азия елдеріне тарату мүмкіндіктерін зерттеуге өзара қызығушылық білдірді. Олар таза технологиялар инновациялары экожүйесін нығайтудың, жасыл стартаптарды қолдаудың және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, IGTIC өңірлік серіктестермен ынтымақтастығы жалғасатын болады. Алғашқы өңірлік акселерациялық бастама Астанада өткен RES 2026 EXPO көрмесі аясында сәтті іске қосылып, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының қолдауына ие болды. Бұл қолдау Саммиттің қорытынды декларациясында көрініс тапты.
GCIP моделін жалғастыру және оны өңірлік деңгейде кеңейту мүмкіндігі инновацияларға негізделген экономикалық өсуді ынталандыруға, өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға және Орталық Азияның тұрақты дамуына ықпал ететін климаттық технологияларды енгізуді жеделдетуге бағытталған маңызды қадам болмақ.

