Қазақстан мен Өзбекстан ең үздік қолжетімді техникалардың цифрлық платформасын құру туралы уағдаласты

Қазақстан мен Өзбекстан ең үздік қолжетімді техникалардың цифрлық платформасын құру туралы уағдаласты

Самарқанда өткен Eco Expo Central Asia 2026 халықаралық экологиялық көрмесі аясында «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ (IGTIC) мен Өзбекстан Республикасының мемлекеттік экологиялық сараптама орталығы арасында ең үздік қолжетімді техникалардың (ЕҚТ) цифрлық платформасын құру және ЕҚТ қағидаттарына көшу бойынша Жол картасына қол қойылды.

Бұл құжат Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экологиялық реттеу саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, қазіргі заманғы табиғат қорғау шешімдерін енгізуге және өнеркәсіптік экологиялық саясаттың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Жол картасына қол қою Астанада өткен RES 2026 өңірлік экологиялық Саммиті шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтардың практикалық жалғасы болды. Саммит қорытындысы бойынша экология, орнықты даму және заманауи экологиялық технологияларды енгізу саласындағы өңірлік өзара іс-қимылды нығайтуды көздейтін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Декларациясы қабылданды.

Қол қойылған құжатқа сәйкес тараптар заманауи экологиялық шешімдер туралы ақпаратты жүйелеуге, кәсіпорындар мен мемлекеттік органдар үшін деректердің қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ өнеркәсіпте экологиялық тиімді технологияларды жедел енгізуге жәрдемдесуге мүмкіндік беретін ең үздік қолжетімді техникалардың цифрлық платформасын құру бойынша бірлескен жұмысқа кіріседі.

Жол картасында сондай-ақ экологиялық реттеу тәсілдерін үйлестіру, сараптамалық өзара іс-қимылды дамыту, ЕҚТ-ның қолданылу саласында тәсілдермен және озық тәжірибелермен алмасу, сондай-ақ екі елдің бейінді ұйымдары арасындағы институционалдық ынтымақтастықты нығайту көзделген.

Белгіленген іс-шараларды іске асыру өнеркәсіпті экологиялық жаңғыртуға бірыңғай өңірлік тәсілді қалыптастыру және Орталық Азияда орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолындағы маңызды қадам болады деп жобаланып отыр.

Құжатқа қол қою – Қазақстан мен Өзбекстанның жасыл экономика, экологиялық саясатты цифрландыру және орнықты өнеркәсіптік дамудың заманауи тетіктерін енгізу саласындағы әріптестікті тереңдетуге ұмтылысының айғағы.