БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

Орталық Азияның ЕҚТ жөніндегі бюросының цифрлық платформасы мен өңірлік бағдарла-масы таныстырылды


ЖАРИЯЛАНҒАН: 20.11.2026
БӨЛІСУ:
← Барлық жаңалықтар

Ең үздік қолжетімді техникалар бюросының (Орталық Азия ЕҚТ бюросы) цифрлық платформасы мен өңірлік бағдарламасы БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық павильонында таныстырылды. Сессияның басты оқиғасы Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан арасында ЕҚТ цифрлық платформасын дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою болды. Бастапқыда құжатқа төртжақты форматта қол қою жоспарланған болатын.

Меморандумға қол қою өнеркәсіпті экологиялық жаңғырту саласындағы өңірлік әріптестікті нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Құжат тараптардың бірлескен бастамаларды дамытуға, сараптамалық білім мен технологиялық шешімдер алмасуға, сондай-ақ Орталық Азия ЕҚТ бюросының өңірлік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіруге ниетті екенін бекітеді.

Орталық Азияның ЕҚТ бюросын құру – өңір елдерінің сарапшылық әлеуетін біріктіруге, экологиялық реттеу тәсілдерін жақындастыруға және өнеркәсіпті жаңғыртудың озық тәжірибелерімен алмасу үшін ортақ кеңістік қалыптастыруға бағытталған бастама.

Цифрлық платформа өңірлік өзара іс-қимыл құралына айналып, ЕҚТ саласындағы сараптамалық ақпаратқа, технологиялық шешімдер мен салалық материалдарға қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Платформаны дамыту Орталық Азия елдері мамандарының білім алмасу мүмкіндіктерін кеңейтіп, бірлескен жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаға антропогендік жүктемені едәуір азайтуға, өнеркәсіп секторының энергия тиімділігін арттыруға және өңірге «жасыл» инвестициялар тартуға қолайлы жағдай қалыптастырады.

Сессия барысында ЕҚТ цифрлық платформасын дамытудың негізгі бағыттары айқындалды. Олардың қатарында кешенді технологиялық аудит жүргізу, ЕҚТ жөніндегі өңірлік анықтамалықтарды әзірлеу, экологиялық реттеу тетіктерін жетілдіру, технологиялық шешімдермен алмасу және халықаралық әріптестермен ынтымақтастықты кеңейту бар.

« Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі Орталық Азия бюросының цифрлық платформасы мен өңірлік бағдарламасы» атты панельдік сессияны «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ ұйымдастырды. Панельдік сессия барысында өңір мемлекеттерінің, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен шетелдік сарапшылар озық технологияларды енгізу, өнеркәсіптік кәсіпорындарды экологиялық жаңғырту, өңірлік ынтымақтастықты дамыту және халықаралық тәжірибені қолдану перспективаларын талқылады. Сондай-ақ ЕҚТ жөніндегі салалық анықтамалықтарды әзірлеуге, бейінді мамандардың біліктілігін арттыруға және халықаралық сараптамалық әріптестікті кеңейтуге ерекше назар аударылды.

  • Платформа төрт модульден тұрады. Біріншісі – ЕҚТ жөніндегі білім базасы. Онда салалар мен елдер бойынша жүйеленген ЕҚТ анықтамалықтары және олардың баламалары жинақталған. Екіншісі – кешенді технологиялық аудит (КТА) тізілімі. Бұл модульде кәсіпорындардың қолданылатын технологиялары, шығарындылар көлемі және кешенді экологиялық рұқсат (КЭР) алу мәртебесі туралы мәліметтер қамтылған. Үшіншісі – кешенді экологиялық рұқсат модулі. Онда рұқсат беру құжаттарының үлгілері мен шарттары, шығарындылардың рұқсат етілетін нормативтері және мониторинг құралдары қарастырылған. Төртіншісі – Орталық Азия елдерінің уәкілетті органдары мен халықаралық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды қамтитын әріптестік желісі, – деді IGTIC Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Әбенов.

Сараптамалық талқылаулардың қорытындысы бойынша тараптар Орталық Азия ЕҚТ бюросының өңірлік бағдарламасы аясында 2027 жылға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын бекітті. Орталық Азия ЕҚТ бюросы мен оның цифрлық инфрақұрылымын дамыту экологиялық стандарттарды келісілген түрде ілгерілетуге, өнеркәсіптің қоршаған ортаға кері әсерін азайтуға және кәсіпорындардың ресурстық тиімділігін арттыруға қосымша мүмкіндіктер ашады. Ұзақ мерзімді перспективада бұл бастама технологиялық жаңғырту үдерісін жеделдетуге және Орталық Азия елдерінде өнеркәсіпті дамытудың неғұрлым орнықты моделін қалыптастыруға ықпал етеді.