Экология және табиғи ресурстар министрі қазақстандық компаниялардың RES 2026 EXPO павильондарын аралады

RES 2026 EXPO халықаралық көрмесі аясында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев өнеркәсіптің негізгі салаларына жататын  жетекші қазақстандық компаниялардың павильондарын аралады.

Экспозицияны аралау барысында министр өндірісті жаңғырту, экологиялық технологияларды енгізу және қоршаған ортаға әсерді азайту бойынша іске асырылып жатқан жобалармен танысты.

«Қазақмыс» корпорациясының стендінде Қарағанды және Ұлытау облыстарында мыс кенін өндіру мен өңдеуді жүзеге асыратын еліміздің ірі тау-кен металлургиялық холдингтерінің бірінің бастамалары ұсынылды. Компания өндірістің экологиялылығын арттыруға және қоршаған ортаға өнеркәсіптік жүктемені азайтуға бағытталған жобаларды іске асырады.

KAZ Minerals компаниясының павильоны Ақтоғай және Бозшакөл сияқты ірі өндірістік алаңдарда мыс өндіру және қайта өңдеу саласындағы заманауи жоғары технологиялық шешімдерді көрсетті. Компанияның басымдықтары – энергия тиімділігін арттыру, шығарындыларды азайту және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану болып табылады.

«Теңізшевройл» ЖШС стендінде Теңіз кен орнын игеруді жүргізетін Қазақстанның ірі мұнай-газ операторларының бірі жобалары ұсынылды. Компания шығарындыларды азайту және экологиялық қауіпсіздікті арттыру бойынша технологияларды енгізе отырып, өндірісті кеңейту бойынша ауқымды жобаларды іске асырады.

ERG экспозициясы өндірістік қуаттарды жаңғырту, қоршаған ортаға әсерді төмендетуге бағытталған автоматтандырылған жүйелер мен экологиялық шешімдерді енгізу жөніндегі жобаларды ұсына отырып, әлемдегі жетекші ферроқорытпа өндірушілердің бірінің қызметін көрсетті.

Солтүстік Каспий жобасының операторы North Caspian Operating Company (NCOC) экологиялық мониторингтің технологияларын және экологиялық тәуекелдерді барынша азайтуға баса назар аудара отырып, ең ірі теңіз кен орындарының бірі – Қашағанды игеру кезінде қолданылатын шешімдерді ұсынды.

QazTehna компаниясының стендінде экологиялық таза қалалық көлік саласындағы шешімдер, соның ішінде газ моторлы отынмен және электр қуатымен жүретін автобустар өндірісі көрсетілді, бұл қалалық ортада шығарындыларды азайтуға ықпал етеді.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мұнай-газ саласын жаңғыртуға, экологиялық стандарттарды енгізуге және көмірсутектерді өндіруден бастап қайта өңдеу мен тасымалдауға дейінгі барлық тізбектегі орнықты технологияларды дамытуға бағытталған жобалар кешенін ұсынды.

Министр әлемдегі ең ірі мұнай-газ конденсаты кен орындарының бірі – Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В. (KPO) қызметімен жеке танысты. Компания өндірісті экологияландыру, энергия тиімділігін арттыру және шығарындыларды азайту бойынша жобаларды іске асыруда.

Сапар қорытындысы бойынша министр қазақстандық компаниялардың технологиялық дамуының жоғары деңгейін атап өтіп, олардың «жасыл» экономикаға көшудегі, қоршаған ортаға өнеркәсіптік әсерді төмендетудегі және еліміздің климаттық мақсаттарына қол жеткізудегі рөлінің маңыздылығын атап өтті.

RES 2026 EXPO көрмесі Астанада 2026 жылғы 22-24 сәуір аралығында Өңірлік экологиялық саммит аясында өтіп жатыр және нарықтың негізгі қатысушыларын біріктіріп, орнықты даму саласындағы озық шешімдерді көрсетуге арналған алаң қалыптастырады.