БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ
Орталық Азия елдері COP31 аясында ең үздік қолжетімді техникалардың бірыңғай цифрлық платформасын іске қосады

16 қарашада БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында Қазақстан Республикасының ұлттық павильонында Орталық Азияның ең озық қолжетімді техникалар жөніндегі өңірлік бюросының (ОА ЕҚТБ) Цифрлық платформасы мен өңірлік бағдарламасының таныстырылымы өтеді.
Негізгі оқиғалардың бірі – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан арасында ЕҚТ цифрлық платформасын дамыту жөніндегі төртжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою болады. Құжат өңірлік әріптестікті нығайтуға, сараптамалық білім мен технологиялық шешімдер алмасуға, сондай-ақ өнеркәсіпті экологиялық жаңғырту саласындағы бірлескен іс-қимылды үйлестіруге бағытталған.
«Орталық Азияның ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі өңірлік бюросының цифрлық платформасы және өңірлік бағдарламасы» панельдік сессиясы аясында Орталық Азия елдерінің, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қауымдастығы ең үздік қолжетімді техникаларды енгізу перспективаларын, цифрлық инфрақұрылымды дамытуды, салалық ЕҚТ анықтамалықтарын әзірлеуді және бейінді мамандардың біліктілігін арттыру мәселелерін талқылайды.
2027 жылға арналған Орталық Азия ЕҚТ бюросының өңірлік бағдарламасы шеңберіндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын бекітуге ерекше назар аударылады. Өңірлік платформаны дамыту озық технологиялық шешімдермен алмасуға арналған бірыңғай кеңістік құруға, қоршаған ортаға антропогендік жүктемені азайтуға, өнеркәсіптің энергия тиімділігін арттыруға және Орталық Азия елдеріне «жасыл» инвестициялар тартуға ықпал етеді.
Іс-шараның ұйымдастырушысы – «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ (IGTIC).
Сессияның негізгі спикерлері мен қатысушылары:
- Элифджан Канатлы-Апайдын (Ms. Elifcan Kanatli-Apaydin) – Түркия Республикасының Қоршаған орта, урбанизация және климаттың өзгеруі министрлігінің орнықты даму стратегиясы бөлімінің басшысы (модератор).
- Бауыржан Әбенов – «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары (Қазақстан).
- Беррак Эрьяса (Berrak ERYASA) – ЭЫДҰ-ның ең үздік қолжетімді технологиялар жөніндегі сарапшылар тобының үйлестірушісі (онлайн).
- Вячеслав Ши-Сянь – Өзбекстан Республикасы Экология және климаттың өзгеруі жөніндегі ұлттық комитеті жанындағы «Мемлекеттік экологиялық сараптама орталығы» мемлекеттік мекемесі Бас директорының орынбасары.
- Пол Стивенс (Paul Stevens) – ЕҚТ саласындағы перспективалық зерттеулер жөніндегі сарапшы (Ұлыбритания, онлайн).
- Д-р Пилгу Канг (Dr. Philgoo Kang) – K-BREF анықтамалықтарын әзірлеу жөніндегі маман, Ұлттық экологиялық зерттеулер институты (Корея Республикасы, онлайн).
- Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан Республикасының министрліктері мен ведомстволарының уәкілетті өкілдері.