БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

Қазақстан Орталық Азия елдерімен таза технологиялар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде


ЖАРИЯЛАНҒАН: 11.09.2026
БӨЛІСУ:
← Барлық жаңалықтар

Таза технологиялар, энергия тиімділігі және климаттық инновациялар салаларындағы өңірлік ынтымақтастықты одан әрі нығайту Орталық Азия елдеріне ортақ энергетикалық және экологиялық сын-қатерлерді бірлесіп шешуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының (IGTIC) Басқарма төрағасы Сәкен Қалқаманов 2026 жылғы Баку климаттық іс-қимылдар апталығында мәлімдеді.

Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Таза энергетика орталығы және ЮНИДО-мен бірлесіп ұйымдастырылған өңірлік диалог аясында Сәкен Қалқаманов Қазақстанның энергия тиімділігін арттыру және технологиялық жаңғырту саласындағы тәжірибесін таныстырып, сондай-ақ өңірлік өзара іс-қимылды кеңейтудің перспективаларын атап өтті.

Таза технологиялар саласындағы инновациялар жөніндегі ЮНИДО-ның жаһандық бағдарламасына (GCIP) ерекше назар аударылды. Қазақстанда бұл бағдарлама таза технологиялар саласындағы кәсіпкерлікті дамытуға, стартаптар мен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға, сондай-ақ климаттық шешімдерді коммерцияландыруға ықпал етеді. Бағдарлама іске асырылған кезеңде 600-ден астам өтінім келіп түсті, 100-ге жуық стартап жүйелі қолдауға ие болды. Олардың 17%-ы энергетика және энергия тиімділігі саласында жұмыс істейді.

Алдағы уақытта GCIP бағдарламасының тәжірибесін Орталық Азия елдері мен Әзербайжанға тарату ұсынылды. Іс-шараға қатысушылар бұл ұсынысты оң қабылдады. Сарапшылар өңір елдері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігін атап өтіп, құзыреттерді біріктіру ортақ климаттық және энергетикалық мақсаттарға неғұрлым тиімді қол жеткізуге мүмкіндік беретінін атап көрсетті.

Сол күні Сәкен Қалқаманов «Түркі әлеміндегі мәдени мұра және биоалуантүрлілікті сақтау: ортақ дәстүрлерден бірлескен іс-қимылға дейін» деген тақырыптағы дөңгелек үстелге қатысты. Өз сөзінде ол Қазақстан үшін табиғат пен биоалуантүрлілікті сақтау мәдени мұра және дәстүрлі біліммен ажырамас байланыста екенін атап өтті.

GTIC басшысының айтуынша, қазіргі заманғы экологиялық саясат жекелеген табиғи нысандар мен түрлердің жай-күйін ғана емес, тарихи білімді, мәдени дәстүрлер мен адамның табиғи экожүйелермен өзара байланысын да ескеруі тиіс.

Қазақстанның Баку климаттық іс-қимылдар апталығына қатысуы таза технологиялар, энергия тиімділігі және биоалуантүрлілікті сақтау салаларындағы өңірлік ынтымақтастықты ілгерілетуге, сондай-ақ климаттық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған практикалық шешімдермен алмасуға мүмкіндік берді.