БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

Италия мен Қазақстан жасыл технологиялар саласындағы жобаларды бірлесіп жүзеге асыруды жоспарлап отыр


ЖАРИЯЛАНҒАН: 18.09.2026
БӨЛІСУ:
← Барлық жаңалықтар

Италия мен Қазақстан өнеркәсіпті көміртексіздендіру, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, су ресурстары мен қалдықтарды басқару, сондай-ақ заманауи экологиялық шешімдерді жергіліктендіруді қоса алғанда, жасыл технологиялар саласындағы бірлескен жобаларды дамытуға ниет білдіріп отыр.

Бұл туралы Астанада өткен «B5+Италия» диалог алаңының алғашқы отырысы мен бизнес-форумы барысында белгілі болды. Іс-шара аясында Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективалары, сондай-ақ мемлекетаралық уағдаластықтардан бірлескен бастамаларды практикалық іске асыруға көшу мәселелері талқыланды.

Қазақстан италиялық компаниялардың қатысуымен жасыл технологиялар саласындағы пилоттық жобалардың бірлескен портфелін қалыптастыруды ұсынып отыр. Бұл ретте әңгіме дайын технологияларды енгізумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар бірлескен өндірістер құру, жабдықтарды жергіліктендіру, пилоттық шешімдерді іске асыру және ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты дамыту көзделеді.

Энергетикалық көшу және тұрақты даму мәселелеріне арналған панельдік сессияда Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының (IGTIC) Басқарма төрағасы Сәкен Қалқаманов халықаралық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік беретін негізгі бағыттарды атап өтті.

Басым бағыттардың қатарында жаңартылатын энергетика, өнеркәсіпті көміртексіздендіру, су ресурстарын басқару, қалдықтарды қайта өңдеу және айналым экономикасын дамыту бар.

Мұндай ынтымақтастықты дамытудың нақты тетіктерінің бірі IGTIC қызметі болуы мүмкін. Орталық жасыл технологияларды енгізуге және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобаларға инвестиция тартуға ықпал етеді. Орталықтың негізгі бағыттарына ең үздік қолжетімді техникаларды енгізу, Жасыл технологиялар мен жобалар тізілімін дамыту, сондай-ақ инвестициялық бастамаларды сүйемелдеу жатады.

Жасыл технологиялар мен жобалар тізіліміне енгізілген жобаларды, оның ішінде жеңілдетілген кредиттеу арқылы қаржыландыру тетіктерін қалыптастыруға ерекше назар аударылуда. Бұл тәсіл жекелеген пилоттық шешімдерден оларды кейіннен кең ауқымда енгізуге көшуге мүмкіндік береді.

Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының қатарында жасыл сутегі мен тұрақты авиациялық отын өндіру, су ресурстарын басқаруды цифрландыру, қалдықтарды қайта өңдеудің заманауи технологияларын енгізу, сондай-ақ өнеркәсіптік қалдықтарды қайтадан экономикалық айналымға тарту бар.

 

Экология саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға негіз болған маңызды құжат – 2026 жылғы сәуірде Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит аясында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Италия Республикасының Қоршаған орта және энергетикалық қауіпсіздік министрлігі арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум.

Қазіргі уақытта бірлескен бастамаларды іс жүзінде жүзеге асыру үшін қажетті нормативтік құжаттарды әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ынтымақтастықты ілгерілетудің тағы бір маңызды алаңы Антальяда өтетін COP31 конференциясы болмақ. Онда Қазақстан декарбонизация, жаңартылатын энергетика, энергия тиімділігі, қалдықтар мен су ресурстарын басқару, тұрақты ауыл шаруашылығы және өнеркәсіпті жаңғырту салаларындағы климаттық шешімдері мен елдің инвестициялық әлеуетін таныстыруды жоспарлап отыр.

«B5+Италия» форумы аясында Қазақстан, Италия және Орталық Азия елдерінің өкілдері өнеркәсіптік кооперация және стратегиялық маңызы бар материалдар, энергетикалық көшу, сауда-экономикалық байланыстар және Орта дәліздің әлеуеті, агробизнес, білім беру және инновациялар мәселелерін де талқылады.

Бизнес және мемлекеттік ұйымдардың өкілдері үшін тікелей іскерлік байланыстар орнатуға және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындауға бағытталған B2B және B2G кездесулері ұйымдастырылды.