БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

Түркияның İYİ партиясының төрағасы Мусават Дервишоглуға Қазақстанның Ұлттық павильоны өте ұнады


ЖАРИЯЛАНҒАН: 12.11.2026
БӨЛІСУ:
← Барлық жаңалықтар

COP31 аясында Анталья қаласында өткен Қазақстанның Ұлттық павильонын Түркияның İYİ Parti партиясының төрағасы Мусават Дервишоглу аралап, ұсынылған экспозициямен танысты. Павильонда таныстырылған жобалар мен бастамалар түркиялық саясаткерге өте ұнады. \

Экспозицияны «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Сәкен Қалқаманов таныстырды. Ол Қазақстанның экологиялық саясатының басым бағыттары, жасыл технологияларды дамыту, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және биоалуантүрлілікті сақтау салаларында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндады.

Мусават Дервишоглу еліміздің экологиялық бастамаларымен, жасыл технологияларды дамыту және биоалуантүрлілікті сақтау бағытындағы жобаларымен танысып, Қазақстанның заманауи табиғатты қорғау шешімдері мен ұлттық мәдени мұрасының үйлесімді ұштастырылғанына назар аударды.

Түркияның İYİ Parti партиясының төрағасы, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Измир провинциясынан сайланған депутаты Мусават Дервишоглу Антальяда өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында Қазақстанның Ұлттық павильонына барды. Павильонда құрметті қонақ еліміздің негізгі экологиялық жобаларымен, тұрақты даму саласындағы бастамаларымен және табиғи ресурстарды сақтаудың заманауи тәсілдерімен танысты. Партия төрағасы павильон экспозициясының мазмұндылығына және ұсынылған бастамалардың сан алуандығына назар аударды.

Таныстырылымның негізгі нысандарының бірі – «Құрақ көрпе» атты арт-инсталляция болды. Мусават Дервишоглу қазақтың құрақ құрау дәстүрімен және оның ресурстарды ұқыпты пайдалануға негізделген философиясымен танысты. Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан бұл қолөнер арқылы –  материалдарды қайта пайдалану мен қалдық көлемін азайтуды көздейтін заманауи Zero Waste («Қалдықсыз өндіріс») тұжырымдамасы көрініс тапқан. Қонаққа бұл қолөнер түрінің мәдени мәні мен жаһандық экологиялық күн тәртібі аясындағы өзектілігі де түсіндірілді.

Павильонмен танысу барысында İYİ Parti партиясының төрағасына тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіруге арналған интерактивті экспозиция таныстырылды. Таныстырылымның ерекшелігі – жасанды интеллект негізінде әзірленген Амур мен Үміт атты цифрлық гидтер. Олар келушілерге бірнеше тілде Қазақстанның табиғатты қорғау бағдарламалары, экологиялық бастамалары мен технологиялық әзірлемелері туралы ақпарат береді.

Сонымен қатар, Іле-Балқаш өңірінде тұран жолбарысын табиғи ортаға қайта жерсіндіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Жоба табиғи экожүйелерді қалпына келтіруге және Орталық Азияның бірегей биоалуантүрлілігін сақтауға бағытталған.

COP31 аясындағы Қазақстанның Ұлттық павильоны еліміздің мәдени, экологиялық және инвестициялық бағыттарын тоғыстыратын алаңға айналды. Конференцияға қатысу шеңберінде инвестициялық сипаттағы 34 құжатқа қол қойылып, павильон бағдарламасында 38 тақырыптық іс-шара ұсынылды.

Мусават Дервишоглудың сапары Қазақстанның экологиялық жетістіктерін түркиялық және халықаралық қонақтарға таныстыруға, ұлттық дәстүрлер мен тұрақты дамудың заманауи қағидаттары арасындағы сабақтастықты көрсетуге, сондай-ақ халықаралық диалог аясын кеңейтуге тағы да мүмкіндік берді.